Жаңа Жібек жолының экономикалық мүмкіндіктері

Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу, бір жол» бастамасының мақсаттары өзара сабақтас. Астанада Жаңа Жібек жолының экономикалық мүмкіндіктерін талқылаған кездесуде сарапшылар осындай пікір айтты. Жиынға қатысушылар көрші республикалармен және алыс шетелдермен сауда-экономикалық қатынастардың даму жайын сөз етті. Олардың пікірінше, жергілікті инфрақұрылымның тиімді әрі қарқынды дамуы Қазақстанда шығарылған тауарлардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне едәуір әсер етіп отыр. Сондай-ақ, еліміздің Жаңа Жібек жолының бойында орналасуы транзиттік әлеуетті дамытуға және экономикалық көрсеткіштерді еселеуге мүмкіндік береді.

САНАТ КӨШКІМБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазақстан өзінің ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға мүдделі, бізде «Нұрлы жол» деген ауқымды бағдарлама қабылданған. Сол бағдарламаның Қытай тарапының «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен тоғысуы тегін емес. Олар өзара сабақтас, мақсаттары ұқсас. Біз көлік инфрақұрылымын тек жергілікті деңгейде дамытып қана қоймай, оның халықаралық-транзиттік мүмкіндіктерін арттырмақпыз. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының басты мақсаты – елдің және Орталық Азия аймағының транзиттік әлеуетін еселеу.

Сонымен бірге Қазақстан мен Қытай қазіргі заманғы экономикалық процестерді, соның ішінде цифрландыру үдерісін бірлесе зерттеуге дайын. Халық Республикасының бұл саладағы тәжірибесі мен инновациялық жобаларын елімізде ендіру жоспарланған. Атап айтқанда, химия, өңдеу өнеркәсібі мен агробизнес салаларында елуден астам қытайлық кәсіпорын ашылмақ.

 

МИХАИЛ МИРОНЕНКО, ҚХР ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

- Қытай экономикасы әлемде екінші орында тұр. Әрине, Қазақстан көршілес ел болғандықтан, алып нарыққа үлкен  қызығушылық білдіріп отыр. Қауіпсіз бағыттардың бірі ретінде құрлықпен жүк тасымалы артады. Қазақстан аумағымен Қытайға Түркменстаннан газ жеткізілетіні белгілі, өзге де шикізат тасымалданады. Осының бәрі қазақстандық көлік жүйесі арқылы іске асырылады.

 

Жаңа Жібек жолы бар инфрақұрылымды жетілдіріп, жаңа сауда бағыттарын, көлік және экономикалық дәліздер құруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың болжамынша, ол Орталық Азия, Еуропа мен Африканың 60-тан аса мемлекетін байланыстырады.