Грузияда Нұрсұлтан Назарбаев жазған еңбектің көпшілікке таныстырылымы өтті

Тәуелсіз Қазақстанның арғы-бергі тарихы Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында жазылған. Грузияда Нұрсұлтан Назарбаев жазған еңбектің көпшілікке таныстырылымы өтті. Басқосуда саяси және академиялық топтардың өкілдері, ғалымдар мен саясаттанушылар бірігіп, жас мемлекеттің қалыптасу кезеңдеріне көз жүгіртіп, ондағы реформаларды  егжей-тегжейлі талдады. Сарапшылардың пікірінше, мәні мен маңызы зор кітапқа грузин жастарының қызығушылығы жоғары.

НИКОЛОЗ МЕТРЕВЕЛИ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Мен Грузияның ғылым саласы үшін, жалпы Грузия реформалары үшін көптеген қызықты дүниелерді көріп отырмын. Екі ел арасында достық қарым-қатынастың дамығанына өте қуаныштымын және келешекте де арта түседі деп сенемін.

ГЕОРГИЙ КВЕСИТАДЗЕ, ГРУЗИЯ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мен Нұрсұлтан Назарбаевты төрткүл дүниеге танымал, ұстанымы берік ең мықты саясаткер деп есептеймін. Аталмыш кітапта Президент Нұрсұлтан Назарбаев егемен елдегі айтулы оқиғалар туралы толық ақпарат берген. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының таныстырылымы Киевте де өтті. Шараға елде тіркелген дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының, қоғамдық-саяси және іскер топтардың, Украина министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысып, кітапқа жан-жақты талдау жүргізді. Бұдан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасы ҚР Елшілігінің қолдауымен украин тілінде жарыққа шығып, көпшілікке ұсынылды.

СЕРГЕЙ ПИРОЖКОВ, УКРАИНА ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі – Қазақстанның тәуелсіздік жылдардағы дамуын қорытындылаған кітап деп ойлаймын. Мұнда мемлекеттің қалыптасуы мен оның бастауы, дәстүрлер және болашаққа арналған жоспарлар жазылған. Сонымен қатар бұл – Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген Қазақстанның стратегиялық мақсаттарын баяндайтын кітап. Менің ойымша, еңбек Украина үшін де өте маңызды, өйткені біз бір мезгілде тәуелсіз даму жолына шыққан елміз.