Астана экономикасы дамып келеді - Kazakh TV

Астана экономикасы уақыт өткен сайын қарқынды дамып келеді. Соның ішінде құрылыс пен сауда-саттықта, қызмет көрсету салаларында оң өзгерістер бар. 1998 жылы жалпы өңірлік өнім 60 млрд теңгені құраса, 2016 жылы ол 4 трлн. 8 млрд теңге болды.

МАДИЯР КЕНЖЕБОЛАТ, ЭКОНОМИСТ:

 - 2017 жылдың қорытындысына сүйенсек, аталмыш көрсеткіш 5 трлн теңгеден асады. Яғни 60 миллиардтан 5 триллионға дейін номиналды түрде жалпы өңірлік өнім 80 есе өсті. 5 трлн теңге дегеніміз не? Бұл Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдердің жалпы ішкі өнімінен екі есе көп.

Елордаға салынған инвестиция қаланың өсіп өркендеуіне үлес қосып отыр. Мәселен, 20 жыл бұрын 25 млрд теңге қаржы құйылса, көрсеткіш былтыр бір триллион теңгеге жетті. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің пікірінше, Астанадағы тұрақты бизнес климатты кәсіпкерлер жоғары бағалайды. Бразилиялық аспаз Роберто Дос Сантос 6 жыл бұрын Астанаға ат басын бұрып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Атақты аспаз бұған дейін әлемнің ең ірі мегаполистері Нью-Йорк пен Мәскеуде тұрып тәжірибе жинақтаған. Аспаз Қазақстандағы экзотикалық тағамдарға деген сұраныс, бәсекелестік пен тұрақты орта және қолайлы салық режимі бизнес үшін тиімді дейді.

РОБЕРТО ДОС САНТОС, АСПАЗ:

 - Мен бұған дейін Қазақстанда болған емеспін. 2011 жылы алғаш осы елге табаным тиіп, содан қатты ұнаттым. Мұнда бәрі тыныш. Кез келген адам өз жұмысын заң шеңберінде істесе, онда ешқандай қиындық туындамайды. Уақытында салық төлеуді ұмытпаған жөн.

Астанада бизнес бастау тиімді. Кәсіпкер Асылхан Манатов – бас қалада электр-техникалық зауыт ашқандардың бірі. 2012 жылы трансформаторлық қосалқы станция болып ашылған кәсіпорынның бүгінде тасы өрге домалап тұр. Бірінші жылы 143 млн теңге өнім сатылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 3 млрдқа жеткен. Компанияның өсімі Астананың дамуына оң ықпалын тигізді. 

АСЫЛХАН МАНАТОВ, ЗАУЫТТЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Тапсырыстың 80 пайызға жуығы Астанадан түседі. Көбі құрылыс компаниялары. Өз жеріміз бен сырт елдерде өтетінкөрмелерге, іс шараларға үнемі қатысамыз. Қазақстанда жасалған өнім түрлері бәсекеге қабілетті деп толық сеніммен айтуға болады. Оған дәлел зауыттың экспорттық әлеуетінің артуы дер едім.

Елімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да артып келеді. Қазірдің өзінде Астанада тіркелген кәсіпорындар саны 100 мыңнан асады. Жалпы елорданың экономикалық әлеуеті артып келеді. 2017 жылдың бірінші жартысында олар өндірісті 55 пайыздан асырды. Тиісінше соңғы 20 жыл ішінде мемлекеттік қорға түсетін табыс 80 есеге, жалпы өңірлік өнім 190 есеге артты. Ал осыдан екі жыл бұрын Астана алғаш рет 900 миллиард теңге мемлекеттік қазынаға ақша аударып, бюджет донорына айналды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер