Қазақстанда минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі құрылмақ

Қазақстанда минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі құрылмақ. Мақсат – инвесторларды жер қойнауын пайдалану саласына тартатын қолжетімді ақпараттық жүйе жасау. Тиісті ведомстводағылар елдің геологиялық зерттелу көрсеткішін арттыруды жоспарлап отыр. Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіндегілер елде жыл сайын геологиялық барлауға бөлінетін инвестиция көлемі ұлғайып келе жатқанын баяндады. Жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 

АҚБАТЫР НАДЫРБАЕВ, ҚР ИДМ ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - 2015 жылы геологиялық барлауға жұмсалған инвестиция көлемі 137 миллиард теңге болса, 2016 жылы 158 млрд-қа жетті. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 170 миллиард теңге шамасында болды. Оның 70 пайызы мұнай-газ кен орындарын іздеуге жұмсалды.

Қазақстандағы геологиялық барлауға Австралия, Германия, Жапония, Түркия және Ресей елдерінің ірі компаниялары қаржы салып отыр. «Қазгеология» Ұлттық компаниясының өкілдері биыл «Қазмырышпен» 5 инвестициялық жоба іске қосылды дейді. «Қазақмыспен» де дәл осынша жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы сомасы – 20 миллион доллар.

ҒАЛЫМ НҰРЖАНОВ, «ҚАЗГЕОЛОГИЯ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

-  Жобаға 10 трансұлттық компания тартылды. Олардың әлемдік рейтингтегі көрсеткіштері жоғары. Орташа инвестициялық компаниялар да бар. 2017 жылдың соңында, алдын ала кезеңде 40 жобаға инвестиция бағытталды. Ол 10 миллиард теңге шамасында.

Сарапшылардың айтуынша, салаға инвестиция тартуға жаңа кодекс септігін тигізбек. Ол ағымдағы жылдың 29 маусымында күшіне енеді. Құжатты әзірлеушілер австралиялық тәжірибеге сүйенген. Жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті есеп беруін енгізу мәселесі де қарастырылуда.