Бәсекеге қабілетті экономика құрудағы Қазақстан тәжірибесі Монғолия үшін қызықты. Бұл туралы соңғы 4 жылда алғаш рет кездескен қос ел үкіметтерінің өкілдері мәлім етті. Жиында атқамінерлер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту қамында құрылып жатқан 2019-2022 жылдарға арналған «Жол картасы» жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқыға салды. Жақында Монғолияда Қазақстанның тәжірибесі негізінде аффинажды зауыт салынбақшы. Тараптар инвестициялық әлеуетті арттырумен қатар, геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану бойынша меморандумға қол қойды. Сондай-ақ өзара ұсынылатын білім гранттарын 25-ке жеткізіп, дипломдардың екі жақты мойындалуы бойынша келісімге келді. Жүк транзиті, көлік логистикасы мен әуе қатынасы да жақсара түспек.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

 - Екі ел астанасы арасында тікелей әуе рейсінің қажеттігі атап өтілді. Бұл сұрақ комиссия отырысынан кейін қол қойылған авиациялық оқыс оқиғаларды алдын алу және тергеу меморандумы арқылы шешімін табады деген ойдамыз. Демек, алдағы уақытта Астана мен Ұлан-Батор арасында әуе қатынасы қалыптаспақ.

Еркін сауда аумағын құру жағы да екі жақты басым бағыттардан қалыс қалмады. Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 75 млн долларға жеткен. Оның 95 пайызы – қазақстандық экспорт. Жиында алыс-беріс көлемін ұлғайтуға сеп болатын шараларды күшейту керектігі айтылды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер