Қазақстан – Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет

Қазақстан ширек ғасырдан астам уақытта Орталық Азияның көшбасшысына айналды. Экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылығының арқасында еліміздің әлемдік аренадағы беделі жоғары. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық, Елбасының АҚШ-қа сапары, Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі, Астана процесі – сөзіміздің айқын дәлелі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға сапары барысында АҚШ басшысы Дональд Трамп Қазақстанды аймақтағы көшбасшы деп атады. Себебі еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, аймақтық қауіпсіздікті сақтау жолында белсенді іс-қимыл танытты. Сондай-ақ Қазақстан Еуропалық Одақ елдерімен бірге Орталық Азия үшін Одақтың жаңа стратегиясын құруда қарқынды жұмыс жасап жатыр.

ПЕТЕР БУРИАН, ЕУРООДАҚТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША АРНАЙЫ ӨКІЛІ:

 - Еуроодақпен қарым-қатынастар тұрғысында серіктестеріміздің бүкіл ұлттық ерекшеліктері мен мақсаттарын белгілеу қажет. Сондықтан біз ауа-райының өзгеруі мен мемлекетаралық байланыстарды дамыту секілді мәселелерді шешу жолындағы аймақтық ынтымақтастықтығымызды жалғастырып жатырмыз.

ГЕОРГИ ГОТЕВ, «EURАCTIV» БАСЫЛЫМЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ:

-  Елдеріңіз – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. Жаһан қауіпсіздігіне қатысты күрмеуі қиын бірталай мәселені шешуге оң ықпал етті. Оны Еуроодақ жоғары бағалайды. Бір ғана Ауғанстан емес, Сириядағы ахуалды реттеу үшін Астана келіссөз алаңын ұсынды. Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңді шешуге арағайындық жасады. Сондай-ақ ядролық қарудан бас тарту және жаппай қырып-жою қаруынан бос қауіпсіз аймақтар құру бастамаларын ұсынған болатын.

Жаһандағы ең озық мемлекеттердің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан экономикалық әлеуетін арттырып, әр саланың тұрақты өркендеуін қамтамасыз етіп келеді. Бұл ретте стратегиялық даму жоспары мемлекеттік бағдарламалар мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы шеңберінде іске асырылуда. Биылғы «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы – халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға арналған бірегей жоба, дейді сарапшылар.

СЕРГЕЙ ПОТАПКИН, ЛАТВИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Әлеуметтік жауапкершіліктің өскені мемлекеттің қалыптасып, жетілгенін білдіреді. Президент ұсынған бес бастаманың бюджет шығындарына қатысы жоқ. Олар Қазақстан азаматтарының  өмір сүру сапасын жақсартып, кірістерін арттыруға бағытталған жаңа жүйе құруға жол ашады деп ойлаймын.

Тағы да бір маңызды әрі тарихи оқиға – Орталық Азия елдері басшыларының Астанадағы басқосуы. Тараптар өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Кіндік Азияның бес елі аймақтың тұрақты дамуы бағытында жұмыла әрекет етуге келісті.