«Астана» ХҚО FINTECH Еуразиялық форумына арнайы шақырту алды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Ұлыбританияда таныстырылды. Қаржы орталығының мақсат-міндеттері FinTech Еуразиялық форумында айтылды. Бүгінде FinTech Қазақстанда енді дамып келе жатқан сала. Оны өз мемлекетінде сәтті жүзеге асыру үшін қатысушы елдер қажетті экожүйе қалыптастыруы керек. FinTech талаптары қатарына интернеттің қолжетімділігі, онлайн сауданың дамуы, жастардың цифрлық кеңістікті еркін меңгеруі кіреді. Осы ретте «Астана» қаржы орталығы қаржы технологияларының экожүйесін дамыту бойынша акселерациялық бағдарламаны қолға алған болатын. Таңдалып алынған 10 стартап-команда 3 ай бойы өзара сынға түсіп, саланың үздік халықаралық сарапшыларымен қоян-қолтық жұмыс істейтін болады.

ӘСЕЛ ЖИЕНБАЕВА, «АСТАНА» ХҚО ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БОЙЫНША ДИРЕКТОР:

 - Нәтижелері бойынша жеңімпаз атанған стартаптарға әріптестік нарыққа шығуға жағдай жасалады. Яғни Ұлыбританияда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алатын болады.

Бүгінде елімізде жемісті қызмет етіп отырған 45-тен астам Fintech стартап бар. Олардың бағыттары да әр-алуан: онлайн несиелеу, инвестициялар, краудфандинг, блокчейн және тағы басқалары. Қазақстанды әлемдік шараларда танытқан стартаптар да жоқ емес. Еуразиялық FinTech форумының ұйымдастырушылары Қазақстан қаржы секторы мен «Астана» қаржы орталығының жұмысындағы өзгерістерді оң бағалап отыр.

МАРКУС СКОТ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - Президенттеріңіз 2015 жылы «Астана» қаржы орталығын құру туралы жария еткелі бері оның жұмысына атсалысып келеміз. Біз орталықтың басқарушысымен және менеджерлік құрамымен барлық қаржылық және кәсіби салалар бойынша жұмыс істеуді өте маңызды санаймыз. Ал FinTech сол қаржылық және кәсіби қызметтердің маңызды бөлігі. Біз шынымен де алдағы жылдары байланысымыз нығая береді деген үміттеміз.

Әлемнің алпауыт 125 компаниясы қатысқан шараға АХҚО арнайы шақырылған болатын. Әлемдік шара енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.