Қазақ телевизиясына – 60 жыл: Кадр сыртындағы мамандар - Kazakh TV

Диктор студияда. Демек көрермен назарында бұл күннің басты жаңалықтары. Көгілдір экран алдындағы телекөрермен жаңалықтарды тек осы қырынан біледі. Ал жаңалықтар топтамасы эфирге шығардан бұрын студия сыртындағы қызу жұмыс көрермен көзінен таса қалады. Бұл кезде тілшілер жанталаса өздерінің материалдарын эфирге дайындаса, визажистер мен шаштараздар дикторларды эфирге даярлаумен әлек болады. Гүлжахрам Тұрдиева «Хабар» Агенттігінде 16 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді. Бастапқыда екі жүргізушімен жұмыс істесе, қазір гримге күніне кем дегенде 10-12 кісі келеді дейді ол. Ер адамдарды эфирге дайындау жеңіл, олар  20-25 минуттан соң әзір отырады. Ал бұрымды дикторларды бояп, шаштарын жинауға 1 сағатқа дейін уақыт жұмсалады.

ГҮЛЖАХРАМ ТҰРДИЕВА, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ЖЕТЕКШІ ВИЗАЖИСТ-ШАШТАРАЗЫ:

 - Егер мына жаққа келіп, жүргізуші үлгере алмай жатса,  студияға барып, сол жерде 5 минут қалғанда шашын жөндеп, көзін бояп, әрдайым эфирге әдемілеп шығарған күндер болған. Олар еш алаңдамаулары керек. Шашым былай болып қалмасын, көзім мынадай болып қалмасын деп алаңдамаулары тиіс. Олардың да көңілінен шығуды білуіміз керек.

Телевизия саласының кез келген адам біле бермейтін, аса маңызды тұстарының бірі – жарық қою. Күңгірт бөлмеден бояуы қанық картина шығара білу – асқан шеберлік. Сондықтан жарық қоюшы мамандар түсірілімге шықпас бұрын, өз құралдарын тәптіштеп тексереді. Мұнсыз болмас. Өйткені түсірілім барысында күтпеген жайттар жиі кездеседі.

БАЙСЕРКЕ ЫДЫРЫСОВ,  «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ЖАРЫҚ ҚОЮШЫСЫ:

 - Ауырлығы 15 келідей болады. Кейде лифт істемей қалған кезде 7-8 қабатқа чемодан көтеруге тура келеді. Бірақ жарық қоюшылардың жұмысы қызық. Оператормен бірге келісіп істейтін жұмыс. Көлеңкемен жұмыс істеу керек, көлеңке қойып, фон жасап, жоқтан бар жасау керек. Суретші ғой былай қарап отырсаңыз.

60 жыл ішінде қазақ телевизиясында адам сенгісіз өзгерістер болып, техниканың соңғы озық түрлері қолданыла бастады. Дегенмен бұл жұмыстың өзгермейтін басты талабы сол қалпы. Ол – сала мамандарының шексіз фантазиясы. Өйткені бет әрлеу, жарық қою немесе  мәтін жазу болсын  қызметкердің ерекше ойлау қабілетіне тікелей байланысты. Бұл тұста сала мамандары әрдайым дамып, үйренуден жалықпақ емес.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер