«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Өнертапқыш Тимур

16 жасында «Жылдам есептеу әдістемесін» жүзеге асырған жас өнертапқыш Тимур Рыспеков былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарынан көрінді. Ол 50-ге жуық робот ойлап тапқан. Оның 28-іне  патент иеленген.  Айрықша дарынды бала ойлап тапқан роботтар талайларға таңдай қақтырды.  Жас өнер­тапқыштың соңғы еңбегі – қор­шаған ортаны талдауға арналған робот.

ТИМУР РЫСПЕКОВ, МӘН­ШҮК МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ №28 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙДІҢ ОҚУШЫСЫ:

 - Роботтың кейбір бөлшектеріне мен әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беремін. Ал кейбіреуін базарлардан сатып аламын. Бұрын барлық жобаларды тек өзім ғана жасайтынмын. Қазір бірнеше адам бірлесіп істейміз. Мысалы, досым Данил Шестополовқа үйретіп жүрмін.

Зерек баланың зерттеп жүрген жұмыстарын жоғары бағалаған Канадалық мамандар 2016 жылы Тимурды оқуға шақырады. Физика, математика және химия ғылымына бар зейіні ауған Рыспеков сол елдегі тау кен өнеркәсібінде жұмыс жасап, тәжірибесін толықтырыпты. Дарынды жерлесіміз Канададағы ең үздік 25 жас математиктің қатарына ілікті. 

АЙСҰЛУ МЕДЕТБЕКОВА, МӘН­ШҮК МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ №28 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙДІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Тимур үлкен ақпарат орталығын ашуды армандайды. Оның бұл ойы  жүзеге асады деп ойлаймын. Өйткені ол өте білімді, және ақылды. Кез келген адаммен тіл табыса алады. Біздің мектепте роботтехникалық үйірме бар. Бастауыш сыныптан бастап жоғарғы сыныптардың оқушылары Тимурға қарап еліктейді. Ол білгенін өзгелерге де үйретіп жүр.

Тимур қазір 9-шы сыныпта оқиды. Қолы қалт ете қалғанда әлемдегі айтулы университеттерден онлайн арқылы дәріс алады. Оның роботтарына қызығушылық танытып отырған халықаралық компаниялар көп. Жас ғалым болашақта да теңдесіз роботтар жасауды жалғастырмақ.