Қазақстанда жаңа туристік бағыт – гастрономиялық туризмнің дамуы

Астана – Еуразия жүрегі. Жыл сайын Қазақстанның астанасына шетелден белгілі бір себептермен қонақтар көптеп келеді. Мысалы, Халықаралық қаржы орталығын құру, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу сынды маңызды шаралар Астананың аймақтағы экономикалық және мәдени байланыстар орталығына айналуына ықпал етері сөзсіз. Елордаға келген шетелдік кәсіпкерлер мен саясаткерлер, дипломаттар мен саяхатшылар Орталық Азия тағамдарынан дәм татады. Елордада түрлі ұлтардың асханасы мен мейрамханасы көптеп шоғырланған. Астанаға алыс-жақын елдерден келушілер көбінесе ұлттық асханада дайындалатын дәмі тіл үйіретін тағамдарды таңдайды. Өзбектің ұлттық палауы мен Орталық Азия елдерінің сүйікті асы лағманның дәмін келтіріп әзірлейтін аспаз Жахонгир Жалолиддиннің айтуынша, өзбектің ұлттық тағамдарына шетелдіктер көптеп тапсырыс береді екен.

ЖАХОНГИР ЖАЛОЛИДДИНОВ, ӨЗБЕК АСХАНАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Біздің асханаға немістер мен қытайлар және корей халқының өкілдері жиі келеді. Әсіресе қытайлықтар біздің тағамдарды, палау мен лағманды  сүйсініп жейді.

Мирхосил Мырзахметов – көп жылдық тәжірибесі бар аспаз. Оның пікірінше, шетелдіктер арасында үй жағдайында жасалған асқа сұраныс жоғары, олар артық қоспасыз дайындалған тағамды ерекше сүйсініп жейді екен. Өзбек тағамдарының ерекшелігі әр түрлі дәмдеуіштер мен асқа арналған хош иісті қоспаларында. Мысалы, өзбектің палауын дайындау үшін ет пен күріш, көкөніс пен палауға арналған дәмдеуіш болса жеткілікті. Өзбектің ұлттық асына татымына қарай дәмдеуіштерді қосқан дұрыс. Сонымен қатар, палауды дайындау барысында қоспаларын мөлшерден асырмай, рет-ретімен пісіру керек.

МИРХОСИЛ МЫРЗАХМЕТОВ, АСПАЗ:

 - Палауды дайындау үшін аспаз оның бабына ерекше көңіл бөлуі керек. Егер тағамды шын беріліп, жақсы көңіл-күймен әзірлесең дәмі келіседі. Сондықтан ас әзірлер алдында аспаз өзінің ішкі дүниесімен жұмыс істеуі керек. Мен Өзбекстаннан келдім. Маған Қазақстанда жұмыс істеген, осында өмір сүрген ұнайды. Мұнда өзбектің ұлттық асханасына келушілер көп. 

Жыл сайын әлемде жаңа туристік бағыт – гастрономиялық туризмге қызығушылық дамып келеді. Мұндай турлар көптеген елдерде ұйымдастырылып тұрады. Ал Қазақстан Еуразия құрлығының орталығында орналасқан. Біздің еліміз Орталық Азияның ең негізгі қақпасы. Осы ретте елдер арасындағы туристік саланың дамуы мен аймақтарды бір-бірімен жымдастыруда үлкен рөл атқарып келеді.