«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы тағы жолға шығады. Бүгінге дейін топ мүшелері 24 елді аралап, 67 күнде тың деректер жинап қайтқан. Мақсат – Ресей, Кавказ, Еуропа мен Африка, Оңтүстік Азия елдерінде ғұндар, түріктер мен қыпшақтардан қалған мұраны іздеп, қазақтардың шығу тегін анықтау. Сапар барысында арғы аталарымызға қатысты табылған деректерді зерттеу мақсатында «Дешті Қыпшақ» ғылыми-зерттеу орталығы да ашылды. Оның қызметі қыпшақтардың жылнамасын жинауға бағытталған.

ЖАҚСЫЛЫҚ САБИТОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

– Орталық бүгінде орыстың 40 жылнамасының барлығындағы қыпшақтардың тарихына қатысты кезігетін бар материалдарды саралап, зерттеу ісіне кірісті. Бұл бұрын-соңды қолға алынбаған өте күрделі жұмыс. Қыпшақтардың өмір салты мен тарихы 40 томдық орыс жылнамаларының негізінде жасалады.

Отандық ғалымдар енді бір аса маңызды әрі құнды мәліметтерді анықтап отыр. Ол – қазақ жерлерінің шекаралары белгіленген 30 ортағасырлық қарта. Жәдігерлердің бірі Италияда жасалыпты. Ең қызықтысы, картада қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан бірқатар көне шаһар белгіленген.  Жұмбақ елді-мекендердің сыры жәдігерді мұқият зерттегеннен кейін ашылады деген үміт бар. Осылайша, Қазақстан аумағындағы көнеден дамыған өркениеттің ақтандақ беттері ашылады, дейді мамандар. Бұл – рухани мұраны жаңғырту қамындағы жобаның басты мақсаты.  

САПАР ЫСҚАҚОВ, ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

– XIII ғасырда татар-монғол жорықтары жиілеп кетті. Шапқыншылықтардың кесірінен халықтың көбі шығыс және батыс Еуропа елдеріне қоныс аударуға мәжбүр болды. Бір бөлігі Венгрия, Болгария мен Румыния жерлерінде пана тапса, енді біреулері Испания, Португалия мемлекеттерінде тамыр жайды. Сондай-ақ XV ғасырда Америкаға дейін жеткендері бар. Олардың іздері мен ұрпақтары әлем бойынша табылып жатыр.

Енді экспедиция мүшелері Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ елдеріне жолға шығады. Ғылыми топ алтайлықтардың Америкаға қоныс аудару гипотезасын тексермек. «Kazakh TV» телеарнасы «Бабалар ізімен» экспедициясының сапары туралы көрермендерін жүйелі түрде хабардар етіп келеді. Осы жолы саяхатшылар жинаған барлық деректер мен материалдар «Trails of nomads» жобасында көрсетілетін болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер