«Ел Арна» - Қазақстанның алғашқы киноарнасы

Қазақ киносының алтын қорына енген көркем және деректі фильмдер, телехиқаялар мен қысқаметражды туындылар, сондай-ақ кино өндірісі саласына енді аяқ басқан жас мамандар мен  әуесқой көрермендерге арналған танымдық бағдарламалар. Тура бір жыл бұрын қазақстандық телевизия саласында отандық кинотуындыларды көпшілікке насихаттап, дәріптеу қамында тұңғыш арнайы арна эфирге шықты. 

КАМИЛА ҚАМНАЗАРОВА, «ЕЛ АРНАНЫҢ» БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Біз жаңа арнаны ашуда «Қазақфильммен» тығыз қарым-қатынас орнаттық. Себебі отандық киноның алтын қоры сонда сақталулы. Жалпы, бүгінге дейін жарық көрген жергілікті кинотуындылардың 80 пайызы сол жерден табылады. Бір жылдың ішінде біз кино, актерлер мен режисерлер жайында бірқатар жоба жасап үлгердік. Көптеген промо-анонстар мен имидждік роликтер әзірленді.

Аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз трансляция. Жұмыс күндері көркем және деректі фильмдер көрсетілсе, демалыста отбасымен бірге тамашалауға арналған телехикаялар көпшілік назарына ұсынылады. Арнаның шығармашылық ұжымы мұнымен шектелмек емес. Көрерменді мазмұнды әрі сапалы өніммен қанықтыру үшін алда қыруар шаруа қүтіп тұрғанын айтады. Бірінші кезектегі міндет – отандық киноөндіріс саласының жұмысын барынша насихаттап, жаңа және ескі туындылармен көрерменнің сұранысын толықтай қанағаттандыру.

АРМАН СЕЙІТМАМЫТ, «ЕЛ АРНАНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ:

 - Меңіңше, «Ел Арна» бүгінгі алған бағытынан қайтпай, сәтті қадамдарын еселей түседі. Бұл – 12 жастан жоғары көрермендерге арналған отбасылық телеарна. Жаңа арнаның іске қосылуымен еңбек жолын енді бастаған жас режисерлер, сценаристер мен актерлерге өздерінің ұшқыр ойлары мен жобаларын  көпшілікке танытудың үлкен мүмкіндіктері ашылып отыр. Нәтижесінде кино әлеміне аяқ басушылар саны артады. Бұл өзара бәсекелестікті тудырып, жалпы отандық фильмдердің сапасының артуына әкеліп сағады.

«Ел Арна» ұжымы алдағы уақытта Қазақстанның киноөндіріс саласындағы мекемелермен, осы мамандықтың бастауыш мектептері, кәсіби маман даярлайтын жоғарғы оқу орындарымен және кинобайқаулармен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуды көздеп отыр. Сондай-ақ жаңа арна қабырғасынан жас және тәжірибелі сала мамандарының басын қосатын арнайы пікір-талас алаңын құру жоспарда бар. Кез-келген көрермен өз талғамына сай авторлық фильмдер, арт-хаус, қысқа және толық метражды кинокартиналардың әр жанрын бір ғана арнадан таба алады.