ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры шет елде оқитын қазақстандық студенттерді қолдау бағдарламасын іске қоспақ

ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры шет елде оқитын қазақстандық студенттерді қолдау бағдарламасын іске қоспақ

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры шет елде оқитын қазақстандық студенттерді қолдау бағдарламасын іске қоспақ. Жоба аясында қор ғылым, білім және мәдениет саласында Санкт-Петербор мемлекеттік университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға отырды. Екі жақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – бірлескен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, білімді жастардың ғылымға ден қоюына жағдай жасау. Аталмыш жоба бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру барысында қолға алынып жатыр. 

ИГОРЬ РОГОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қор шет елде, оның ішінде Ресейде білім алып жатқан студенттерге қолдау білдірмек ниетте. Бұдан басқа тарих, мәдениет, экономика, құқық саласындағы магистрант, аспиранттар мен жас ғалымдарға тиісті көмек көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз.

Тараптар жеке стипендиялар, ғылыми байқаулар мен студенттердің тәжірибе алмасу үдерісінің мән-жайын талқылады. Бұдан бөлек, Ресейде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің басын қосып, ауқымды форум өткізуді жоспарлады. Келісімнің басты мақсаты оқу орнының міндетіне сай келеді, яғни жастардың бастамаларын қолдап, жоғары деңгейдегі маман даярлау, дейді университет ректоры Николай Кропачев. 

НИКОЛАЙ КРОПАЧЕВ, СПБМУ РЕКТОРЫ:

 - Құқықтану, тарих, халықаралық қатынастар, психология және философия сынды білім беру бағдарламаларында Қазақстанның тарихы мен философиясынан бөлек заманауи мемелекеттің жетістіктері де қамтылуы керек. Біз студенттерімізге Қазақстанды танып білуге мүмкіндік бергіміз келеді. Біздің білім беру жүйемізде Қазақстанның технологиялары қолданылып, ғалымдарымыз тығыз серіктестік орнатса дейміз.

Сапар барысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының директорының орынбасары Игорь Рогов студенттерге адам құқықтарын қорғау тақырыбында дәріс оқыды. Сонымен қатар, құқық қорғау жүйесін жаңғыртудағы Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.