Қазақстан мен Молдова экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге мүдделі

Қазақстан мен Молдова экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге мүдделі. Былтыр екі елдің арасындағы сауда айналымы 44 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Алайда екіжақты әріптестіктің әлеуеті бұл көрсеткішті еселеуге мүмкіндік береді. Сол себепті қос тарап биыл халықаралық бизнес-форумда бас қоспақ. Мақсат – екі елдің іскер топ өкілдеріне ашық алаң ұсыну.

РОМАН СТАНКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ МОЛДОВА РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

 - Қазақстан мен Молдова мемлекеттері арасындағы бизнес-форумды жоғары деңгейде ұйымдастыру керек. Еуропа мемлекеттерінің бизнес өкілдері мен көрші - Румыния, Болгария, Венгрия, Украина елдерінің кәсіпкерлерлері шақырылады. Мұндай форум Молдова елінде соңғы 20 жылда болмаған. Яғни осы жолы іскерлік алаң арқылы Қазақстан-Молдова елінің қаржы-экономика және ауылшаруашылығы саласындағы сан түрлі мүмкіндіктерін байқап көреді деп сенеміз.

Қазақстан мен Молдова арасында бажсыз сауда айналымына қатысты келісім бар. Еуразиялық экономикалық одақтың еркін экономикалық аймағы отандық тауарларды осы ел арқылы Еуропаға тасымалдауға жол ашқан.

БОГДАН ЦЫРДЯ, МОЛДОВА ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Молдованың Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен байланысын арттыратын әлеуеті зор. Биыл Еуразиялық эномикалық комиссиямен меморандум туралы келіссөз жүргіздік. Біз әзірге бақылаушы мәртебесін ғана алып отырмыз. Молдова - Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен достық әрі сауда қарым-қатынасын еселей түседі деген үмітіміз бар.

Молдова елінің кәсіпкерлері біздің елде қалыптасқан инвестклиматқа, инвесторларға жасалған жұғымды жағдайға ерекше қызығады. Елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықта шетелдік инвесторлар үшін маңызды.

БОГДАН ЦЫРДЯ, МОЛДОВА ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Қазақстан - ТМД аумағындағы өнеркәсіптік, демографиялық және ІЖӨ үнемі әлеуметтік өсімі бар бірегей мемлекет. Ел іші тұтас, көршілерімен арадағы қарым-қатынасына да сызат түсірмеген. Аймақтағы алып елдің әлеуметтік салаға құйып отыратын инвестициясы үнемі өсіп отырады. Біз өнеркәсіптік сала мен жанар-жағармайды қайта өндіру ісінде бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз. Транзиттік әлеуетімізді де қаперге алған жөн.

Мамандардың айтуынша, екі елдің ынта-ықыласы үшін септігі тиеді деген бизнес-форумның нәтижелі өткені маңызды болмақ.