Шаджар ад-Дур сұлтан - Дешті Қыпшақ жерінен шыққан Мысырдағы әйел билеуші

«Бабалар ізімен» тарихи - ғылыми экспедициясы Ұлы даладан Мысыр жеріне барған ата-бабаларымызға қатысты тың деректерді теріп қайтты. Осындай тарихи тұлғалардың бірі – әйел билеуші Шаджар ад-Дур сұлтан Дешті Қыпшақ жерінен шыққан. Ол ежелгі Мысырға басқа да мәмлүктер сияқты құл болып келген. Уақыт оның іскерлігі мен даналығын дәлелдеп, 1250 жылы көктемде таққа отырады. Осылайша, Египетте бахри, яғни қыпшақ мәмлүктердің династиясы орнап, ол 1250 жылдан 1382 жылға дейін жалғасады.

МҰХАММЕД РИЯД, АСУАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Бұл адамдарсыз, егер олар дәл сол уақытта Мысыр жерінде болмағанда Египет крест жорықтарынан немесе татар-моңғол шапқыншылыған зардап шегуі мүмкін еді. Біздің халықта «темірді тек темір ғана майыстыра алады» деген қанатты сөз бар. Қыпшақ мәмлүктер темірдей мықты болғандықтан осындай сынға төтеп бере алды.

Шаджар ад Дур Мысырды бір жыл көлемінде билеген. Оның кезінде француз королі Людовик IX бастаған крест жорығына тойтарыс беріліп, елде бейбіт өмір орнайды. Көзі тірісінде-ақ Асмат ад-Дин деген лақап аты болған. Қазақ тіліне аударғанда «діннің қорғаны» деген мағына береді. Шаджар ад-Дур сұлтан қайтыс болған соң Каирде жерленіпті. Бүгінде ол жер мавзолейге айналған. Сондай-ақ зерттеушілер Египет пирамидалары мен мәмлүктерді байланыстыратын көнеден қалған аңыз бар екенін анықтады.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жанымызда тұрған мынау пирамида биіктігі әуелі 146 метр болған. Бірақ уақыт өте келе төбесі құлап қазір биіктігі 137 метр. Хеопс деген фараонға салынған. Бұған қатысты көптеген аңыздар бар. Соның ішінде Сұлтан Бейбарысқа да қатыстысы бар. Ол кезінде 12 қанат киіз үйді осы пирамиданың басына орнатқан екен. Оған ондай мүмкіндік бар. Себебі пирамиданың ұшар басында орын жеткілікті. 

Каир қаласындағы атақты Цитадель – туристердің ең көп келетін жері. Бұл тарихи нысан атақты қолбасшы Салах уд дин әл-Аюбидің бұйрығымен салынған. Көлемі 18 гектар болатын Цитадель – 7 ғасыр бойы Мысыр елінің билеушілері өмір сүріп, мемлекетті басқарған жері. Мұнда кезінде сарайлар, мешіттер, музейлер, әскери казармалар мен қоймалар болған. Дәл осы жерде де қыпшақ мәмлүктердің ізі қалған. Атап айтар болсақ, Ан Насыр Мухаммет сұлтан кезінде осында үлкен мешіт салдырған. Ол Бұқара мен Самарқандағы ғимараттарға ұқсас ирандық стильде салынған.