Қазақ телевизиясына – 60 жыл: Ардагер журналист

Қазақстандық телевизияның құрылуы елімізде ұлтық сана-сезімнің оянуына үлкен әсерін тигізді, дейді ардагер-журналист Құсман Игісінов. Оның ұсынысымен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Айтыс», «Алтыбақан», «Ұшқын», «Атамекен» сынды қазақ тіліндегі алғашқы бағдарламалар шықты. Тіл жанашыры саналы ғұмырының 40 жылын сүйікті ісіне арнап, ұлттық құндылықтарды көгілдір экраннан дәріптеді. Құсман Игісінов отандық телевизияның негізі қалануымен тұспа-тұс келген еңбек жолының алғашқы сәттері әлі көз алдымда дейді. 

КҰСМАН ИГІСІНОВ, ЖУРНАЛИСТ:

 - 1966 жылы қазақ мемлекеттік университетінің 3-ші курсында жүргенімде Совет Мазғұтовтан дәріс алдық. Бүгінге дейін ол сияқты шығармашылық жұмысқа жан-тәнімен берілетін адамды көрген емеспін. Ол қайталанбас тұлға. Мені телевизия саласына тартқан адам сол. 1974 жылы бірлесіп, «Мың бір рахмет» бағдарламасын шығардық. Сценариін мен жаздым, ал Совет Мазғұтов ауыл шаруашылығы институтының акт залынан алғашқы тікелей эфирін берді. Бұл қазақ телевизиясының тарихындағы алғашқы тәжірибе болды.

«Журналистика – жол-жөнекей жазылатын әдебиет. Сондықтан бұл салаға толыққанды берілген маман ғана өз ісінің хас шебері атанады», - дейді алдынғы толқын аға буын өкілі. Құсман Игісінов бүгін де журналистика саласынан қол үзбей, отандық телевизияның дамуына үлес қосып келеді. Ардагер экранға шықпаса да, жас мамандармен жиі жолығып, біліп-түйгенімен бөлісіп тұрады.