Венгрия қазақстандық студенттерге бөлінетін гранттар санын ұлғайтпақ

Венгрия қазақстандық студенттерге бөлінетін гранттар санын ұлғайтпақ. Мұндай ақпаратпен Қазақстандағы Венгрия елшісі Андраш Барани бөлісті. Оның айтуынша, жуырда Будапештте осындай шешім қабылданған.  2018-2019 жылдарға мажарлықтар Қазақстан студенттеріне 200 грант берген болатын. Оның  ішінде 90 шәкіртақы – бакалавриат, 60-ы – магистр дәрежесі және 30-ы медицина, заң саласы сынды мамандықтарға арналған бағдарламаларға бөлінген. Тағы 20  шәкіртақы докторантура бағдарламасына арналған. Елшінің айтуынша, студенттер тұратын орын тегін болмақ. Медициналық сақтандыру да қарастырылған. Бұдан бөлек, ай сайынғы шәкіртақы мөлшері белгіленген. Бакалавр мен магистратура үшін шамамен 130-150 еуро көлемінде, ал докторонттардікі одан айтарлықтай көбірек. 

АНДРАШ БАРАНИ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ВЕНГРИЯ ЕЛШІСІ:

- Бөлінетін шәкіртақы мөлшері бойынша Қазақстан біздің бірінші кезектегі серіктестеріміздің қатарында. Бұл біздің мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестіктің айқын көрінісі деп ойлаймын. 19 ақпанда Будапештте қазақстандық студенттерге бөлінетін стипендиялардың санын 200-ден 250-ге дейін ұлғайту жөніндегі шешім қабылданды. 2019-2020 жылдары байқау жарияланатын болады.