Наурыз көже - ең басты ұлттық тағам - Kazakh TV

Қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылып, мол дастархан жайылатын Ұлыстың ұлы күнін дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Ырымшыл қазақ халқы әу бастан киеге, қасиетті сандарға мән берген. Сол себепті бұл тағамды 7 түрлі дәмнен жасап, «құт-береке болсын» деп ниет етеді. Әлбетте, наурыз көжеге белгілі бір тағам түрін қосу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Алайда кез-келген көже дайындауда ұрпақтардың «өмірі өзендей асып-тасысын» деген тілекпен алдымен тіршілік көзі-су қайнатылады. Оған қазан толы, ас мол болсын деген ырымен қазақтың төл тағамықыстан шыққан  сүрет пісіріледі.

АЙНАГҮЛ ҚАЛИЕВА, ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР АСПАЗЫ:

 - Көбіне Солтүстікте жылқы еті болады: қазы-қарта, жал-жаялар. Олар суық жақ болған соң өте тойымды, сүр ет тоқтық береді, майлы ет болған соң жылулық береді деп айтатын үлкендер.   

Көженің құрамында міндетті түрде егістік және бақша дақылдары болады. Бұл «бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын» деген тілек болса керек. Сондай-ақ «сүттей ұйып отырайық», «ақ мол болсын» деп көжеге айран немесе ақтың құйылуы да – заңдылық. Құрт салынады. Кез келген тағамның дәмін келтіретін тұз себіледі.

АЙНАГҮЛ ҚАЛИЕВА, ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР АСПАЗЫ:

 - Міне осы дайын көже. Бұрынғы кезде ауылда аталарымыз, әкелеріміз таңертең ерте малға өріске кеткенде бір кесе көже ішсең кешке дейін тойып жүреміз деп айтатын. Сондай керемет қасиеттілігі мол, адамға тойымдық береді, денсаулыққа пайдалы.

Наурызда берілетін бата нышаны осы көжеде де сайрап тұр. Бұрынырақта әйелдер мерекеде қонаққа барған жерлеріне өздерімен ыдыс ала жүрген. Әр үйден көже құйып алып, өз қазанына қосқан. Бұл «дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, ырысымыз жұғысты болсын» деген үлкен ұғымды білдірген. Көжені ыдысқа толтырып береді, бұл «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» дегендік. Сондықтан наурыз көжені халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атай береді.

САУАЛНАМА:

  1. Күш-қуат береді. Ең асылы күш-қуат дейді қазақ. Сондықтан наурыз көжені ең пайдалы ас деп ойлаймын.
  2. Сорпасы бар, құрты бар, еті бар, майы бар. Қазақпыз ет жеп сорпа ішпесек қазақ қазақ болмайды.
  3. Біздің ұлттық тағамымыз бұл ата-бабаларымыздан талай ғасырлар бойы келе жатқан наурыз көже.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер