Адам капиталын дамыту – ең жақсы инвестиция. Ол ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қазақстан Президентінің әлеуметтік бастамаларымен танысып шыққан Ұлыбритания лордтар палатасының мүшесі Мохамед Итлаф Шейх осылай дейді. Оның пікірінше, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша қосымша білім гранттарын бөлу арқылы ел экономикасына оң серпіліс әкелетін білікті мамандарды тәрбиелеуге мүмкіндік туады. Жалпы, даму белестерін бағындыруда адам капиталын дамытудың маңыздылығы зор, дейді британдық депутат. 

МОХАМЕД ИТЛАФ ШЕЙХ, ЛОРДТАР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты мемлекет құру үшін барынша күш-жігерін салды. Қазір ол осындай бастамаларды қолға алу арқылы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Білім беру өте маңызды. Өте көп қазақстандық студент Ұлыбританияға келіп жатыр. Бұл мемлекеттің дұрыс бағытта дамып жатқандығының белгісі. Қазақстандағы жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру да уақытылы жасалған бастама. Осылайша сіздер аймақта ғана емес әлемдік деңгейде де алға жылжитын боласыздар.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы елдегі тұрақтылықтың нығайып, экономиканың дамуына сеп болады, дейді Өзбекстан Олий Мәжілісі заң шығарушы палатасының депутаты Акмал Рахманов. Халық қалаулысы Елбасының үндеуі көрші елдің жастарына да өз әсерін тигізетінін айтады. Өйткені білім саласына бөлінген гранттдардан Өзбекстандық түлектер де дәмелі.

АКМАЛ РАХМАНОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОЛИЙ МАЖЛИСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Міне осы бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру арқылы Қазақстан 21 ғасырда тағы бір жаңа белеске қадам баспақ. Жоғарғы оқу орындарына көп мөлшерде грант бөлу жастардың оқуға деген ынтасын арттырады. Мен жалпы бұл бастаманы  Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстанның өз халқының әлеуметтік әлеуетін көтеруге арналған  ауқымды жобасы  дер едім.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер