Қазақстандықтар Наурыз мейрамын тойлауда

Көктем мен жаңару мейрамы. Қазақстандықтар Наурыз мерекесін атап өтуде. Мейірімділік пен достықтың айы саналатын Наурызды ізгі тілек, ізетті қамқорлықпен қарсы алу дәстүрге айналған. Көне мереке  2009 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген болатын. Бір жылдан соң БҰҰ-ның Бас ассамблеясы оны халықаралық мереке деп жариялады. Қазіргі таңда Ұлыстың ұлы күні әлем елдерінде бар сән-салтанатымен тойланады. Қазақстан да солардың қатарында. Наурыз - бауырлас халықтардың рухани бірлігінің нышаны.

ВИДАДИ АГАЕВ, «ХАЗАР» ӘЗІРБАЙЖАН МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҒ ТӨРАҒАСЫ:

 - Наурыздың тарихы тереңде жатыр. Ол осыдан 5 мың жыл бұрын тойланған болатын. Қазіргі таңда Ұлыстың ұлы күнін қазақтар, әзербайжандар, өзбектер, түріктер, қырғыздар мен ирандықтар атап өтеді. Бұл мереке түркілердің көне халық екендігін білдіреді. Наурыз әр отбасыға береке-бірлік, ырыс алып келеді. Ол –ұрпақтан  ұрпаққа мұра болып келе жатқан мейрамымыз.

Көпұлтты Қазақстанда Наурыз жалпыхалықтық мерекеге айналған. Ол халықтар арасындағы достық пен ұлтаралық келісімді білдіреді. Қазіргі уақытта Ұлыстың ұлы күні – еліміздегі барлық ұлт өкілдері үшін ортақ мереке. Елде жер-жерде ұйымдастырылатын сан түрлі шараға тұрғындардың бәрі бір адамдай қатысады. Мерекенің біріктіруші күші де осында болар.

ТАМАРА ШИРМЕР, УКРАИНДАРДЫҢ «ОБЕРЕГ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Наурыз – қазақстандықтардың асыға күтетін ерекше мейрамдарының бірі. Оны еліміздегі барлық этнос өкілдері атап өтеді. Мейрам аясында біз көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, мейірімділік нұрын шашамыз. Қайырымдылық концерттері мен акцияларын ұйымдастырамыз. Бұл мейрамды атап өтуден ешқашан шет қалған емеспіз.

Еліміздің әрбір аймағында бұл күндері ақындар мүшәйрасы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, концерттер мен театрландырылған қойылымдар өтеді.

Бұл – дүниеге көрік беретін шырайлы жыл басына әбден лайық құрмет.