2018 жыл – Қазақстандағы Өзбекстан жылы. Осы орайда елде 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланды. Сарапшылардың пікірінше, бұл бауырлас халықтардың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді. Елдер арасындағы тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз достық қарым-қатынастарымыздың маңызды факторы болып саналады. Өзара бірліктің сипатын көрсетеді.

БАХТИЁР САЙФУЛЛАЕВ, ӨЗБЕКСТАННЫҢ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІ:

 - Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында өзбек киносының күндері өтеді. Біз бір көркем фильмнің эпизодтарын түсіруді жоспарлап отырмыз. Сарыағаш, Түркістан, Қызылорда, Шымкент қалаларында шығармашылық топтар мен эстрада орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырады. Сонымен қатар, өзбек ұлттық киімдері мен мәдениетіне арналған көрме Астанада өтеді. Мен жоспарда тұрған барлық шаралар жоғары деңгейде өтеді деп үміттенемін.

Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Абайдың шығармашылық мұрасы тереңнен таныстырылады. Ұлы ақынның «Таңдамалы» шығармалар жинағын және «Өзбек-қазақ әдеби байланыстары»  жайлы сараптамалық мақалалар әзірленіп, баспаға беру ұсынылды. Ташкенттегі жоғары оқу орындары мен мектептерде, әскери бөлімдерде ақындар мен жазушылардың, ғалымдардың қатысуымен әдеби  кештер өтеді. Абай қос тараптың достығын нығайтуға, мәдени байланысын арттыруға үлес қосады. Ал Абайдың туған күнінде Өзбекстан астанасындағы ақынның ескерткіші алдына арнайы кездесу өткізу жоспарланды. Сонымен қатар, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде «Абай және өзбек әдебиеті» көрмесі ұйымдастырылады. 

ЕРГЕШ АБДУВАЛИТОВ, ТМПУ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТІ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Абай қазақ сахарасында отырып академиялық ой ойлаған кемеңгер ақын. Сондықтан да президентіміздің тарапынан қабылданған қаулы өте маңызды. Біріншіден  жастарға, өскелең ұрпаққа Абайдың өлеңі мен қара сөздері ғибрат береді,  жақсылыққа тәрбиелейді,  салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауды үйренеді.

Айта кетейік, аталмыш мәдени мерекелер еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылады. Ал өз кезегінде 2019 жыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы болып белгіленді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер