Отандық ет өнімдерінің экспорт көлемі ұлғайып келеді - Kazakh TV

Елімізде ауылшаруашылығы өнімдерін сырттан тасымалдау көлемі қысқарып, экспорт көлемі ұлғайып келеді. Батыс Қазақстан облысы жылына 10 мың тонна құс етін тұтынса, осы кезге дейін оны түгел дерлік сырттан таситын. 2017 жылдың желтоқсанында тауық етін өңдейтін жаңа кәсіпорын ашылып, бұл қажеттілікті өтеп жатыр. Мұнда маусымына 3 жарым миллион балапан өсіріліп, 7 мың тоннаға тарта құс еті саудаға шығарылады. Кәсіпорында өндірілген өнімнің 90 пайызы жергілікті нарықты толтырса, 10%-ы экспортқа жөнелтілмек. Бұдан бөлек, жергілікті ет комбинаттары тұрғындардың жылқы мен сиыр және қой етіне деген сұранысын толық өтейді. Аймақта төрт түліктің көбеюі де ет экспорты көлемінің еселене түсуіне оң ықпал етті. Дайын өнім экспортталатын елдер қатарын енді Ресей мен Қытай, Беларусь және Әзербайжан толықтырмақ. 

ЖАСҰЛАН ХАЛИУЛЛИН, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Былтырғы жылдың өзінде 1736 тонна ірі қара малдың еті, 505 тонна ұсақ мүйізді мал яғни  қой еті экспорталған болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері 347 тонна ірі қара және 32 тонна қой еті экспортталды.

Сыр өңірінің кәсіпкерлері де мал бордақылап, ет өндіру ісіне ден қоя бастады. Олар жыл сайын 100 тонна ет дайындап, оның басым бөлігін экспортқа шығаруды көздеп отыр. Жалпы өткен жылы Қызылордадан Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Моңғолия мемлекеттеріне  2 мың 244 бас тірі қой сатылыпты. Келешекте малды тірілей сатуды доғарып, халықаралық стандарттарға сай келетін ет өндіру комбинатын ашу жоспарланып отыр.  2021 жылға дейін аталған өңірден 200 тонна сиыр етін экспортқа шығару  көзделуде.

ӘДІЛЖАН ІЗТІЛЕУОВ, КӘСІПКЕР:

 - Ауысымында 50 басқа мал сою цехы ашылды. 500 іріқара сатып алынды. Қазіргі бірінші мақсатымыз, бұл Еуразиялық союзға кірдік, «Халал» сертификатын астанадан алдық, малайзиялық сертификат қолымызда қазір отыр. Осы сертификатқа байланысты мұсылман елдерінің барлық елдеріне біз экспортқа мүмкіндік алып отырмыз.

Солтүстік Қазақсртан облысы артемия салина жәндігін тереңдете өңдеп, экспортқа шығаруға ден қоймақ. Себебі қазір нарықта оның құны шарықтап тұр. Аймақтағы  көлдерде кездесетін қызылқұрт жәндігін тереңдете өңдейтін зауыт  құрылысы басталып та кетті.  Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын өндіріс ошағын тұрғызуға 1 миллиард теңге жұмсалмақ. Сәтін салса, кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылады да, дайын өнім Қытайға экспортталады. Шаян тұқымдас жәндік косметика және фармацевтика саласында кеңінен қолданылады. 

АҚЫЛБАЙ ШЕРИАЗДАНОВ, КӘСІПКЕР:

 - Мұнда үш желі іске қосалады. Жылына 3 мың тоннаға дейін артемия салина жәндігінөңдеуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бқлек 5 мың тоннаға дейін балық өнімдерін өңдемекпіз.  Шикізатты көрші облыстардан бөлек, Ресейден де қабылдайтын боламыз. Ал үшінші желі жем шөп қоспаларына арналады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер