Астанада алғаш рет Сириядағы ахуалды реттеу бойынша кепілгер-мемлекеттердің сыртқы істер министрлері бас қосты

Астана процесі басталғалы Қазақстан елордасы Сирия мәселесін реттеу бойынша маңызды шешімдер қабылданатын беделді алаңға айналды. Бүгінде Астана Сирия сергелдеңін саяси жолмен реттеуге қолдау көрсетудің синониміне айналып отыр. Осылайша, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің белсенді мүшесі ретінде әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуда, дейді сарапшылар.  Еске салсақ, Наурыздың 16-сы күні Астанада алғаш рет Сириядағы ахуалды реттеу бойынша кепілгер-мемлекеттердің сыртқы істер министрлері бас қосқан болатын. Сарапшылар отырыс өзара сенім мен түсінік жағдайында өтті, деп баға берді.

ХУСАМ АЛСАМАН, СИРИЯ-КАНАДА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

 - Астана процесінің бірінші күнінен бастап, жағдай айтарлықтай жақсарды. Шын жүректен Қазақстанға және осы елдің Президентіне сирияаралық келіссөздерге қосқан үлесі үшін алғыс айтқымыз келеді. Дәл осы Астана процесі жағдайды тұрақтандыру барысындағы ең жемісті жоба болды. Себебі оған дейін Сирия үкіметі мен оппозиция келіссөз жүргізу үшін бір үстел басында отырмаған. Олар тек қару-жарақ арқылы тілдесетін. Біз тек жақсылыққа сенеміз. Барлық игі істері үшін Қазақстанға рақмет!

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Сирия мәселесін шешу туралы тағы қанша раунд өтері белгісіз. Ол Сириядағы ахуалға байланысты. Қазақстан халықаралық өткір мәселелерді шешу жолында жаһан жұртшылығы алдында маңызды рөл атқарады. Қазақстанның қауіпсіздікті сақтау жолында қосқан үлесі зор деп есептеймін.