Қазақстан мен Ресей: Туризм саласындағы әріптестік - Kazakh TV

Қазақстан экстремалды туризмді дамытпақ ниетте. 25-ші Мәскеу халықаралық туристік көрмесінде еліміз тау шаңғысынан бастап батпақты жерлерде өткізілетін барлық спорт түрлері мен ел қызығар саяхаттың сан алуанын ұсынды. Айта кетейік, Қазақтуризм Ресеймен туристік байланысты жандандыруды, белсенді демалыс түрлерін дамытуды көздеп отыр. Жалпы, Қазақстан ресейліктер жиі демалатын үш елдің қатарында. Еліміз жылына Ресейден келетін 2,5 миллион саяхатшыны қабылдайды. Олардың 1 млн-ға жуығы белсенді демалысты таңдайды екен. 

ҚАЙРАТ СӘДУАҚАСОВ, «ҚАЗАҚ ТУРИЗМІ» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Рафтинг, параглайдинг, хайдинг, трекинг және шаңғы туризмі. Біз осы бағыттарға  сұраныс жоғары екендігін анықтадық. Белсенді демалысты қалайтын ресейлік нарық үшін бұл таптырмас дүние.

90 елден және Ресейдің 80-ге жуық аймағынан ағылған жұрт туризм саласындағы ең ауқымды көрмеге жиналды. Мұнда түрлі іскерлік келісімдерге қол қойылады. «Қазақтуризм» мен «Ростуризм» бастаған екі тарап серіктестік жөнінде келісімге келді. Қос тарап саяхатшылар үшін трансшекаралық бағыттарды дамытуға уағдаласты.

ОЛЕГ САФОНОВ, «РОСТУРИЗМ» ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазақстанмен келісімге қол қою өте маңызды және елеулі оқиға. Сонымен қатар  ТМД елдерімен бірлескен «Туркөмек» операторларының бірлестігі алғаш рет Қазақстанмен келісімге қол қойды. Туроператорлар қауымдастығы шетелге шығатын туристердің мүддесін қорғау үшін құрылған еді. Біздің туристер құқын қорғайтын ұйымдармен қарым-қатынас орнату да біз үшін өте маңызды.

Тың қадам жасаған Қазақтуризмнің елімізге белсенді демалыс үшін келетін туристердің санын 30 пайызға арттырмақ ниеті бар. Ал, бұл міндет алдағы жеті жылда отандық жалпы ішкі өнімдегі  туризм үлесін  8 пайызға дейін көбейтуді көздейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер