Қазақ телевизиясына – 60 жыл: Режиссерлар жұмысы - Kazakh TV

Олар – телевизия әлемінің нағыз сиқыршылары. Олар - әр бейне таспаға жан бітіреді. Олар - эфирдің реңін келтіріретін өндірістік жұмыстың көркемдік жетекшілері. Олар - көгілдір экран сыртында жүргенімен мінсіз қызметінің нәтижесі қалың көрерменнің көзайымына айналған. Олардың пәрменінсіз тікелей эфир басталмайды. Телевизия саласын режиссерсіз елестету мүмкін емес. Көрерменді әрбір деталімен дем беріп, әсерлі кадрлармен баурап отыру – осы мамандық иелерінің ғана қолынан келеді. Алпыс жылдық тарихы бар отандық арналар мұндай мықтыларға кенде болған емес. Солардың бірі  Шолпан Баймолдина байтақ елімізге жаңалық таратқан қазақ телевизиясының тұңғыш әйел режисері атанған.

ҒАДІЛБЕК ШАЛАХМЕТОВ, РЕЖИССЕРДІҢ КҮЙЕУІ:

– Режисер өмір бейнесінің құрастырушысы. Бұл өмірдің өзі емес қоғам айнасы деуге болады. Олар әлемнің көрінісін көпшіліккке жеткізе алатын жандар. Шолпан осындай дарынға, ерекше қасиетке  ие болды. Бұл тек біздің ғана ойымыз емес,  шетелдік әріптестердің де оған берген бағасы осындай. Шолпан адам тұлғасын толықтай аша білді. Ол түсірген көптеген кейіпкерлер жан-дүниесінің сырын ақтарып, ағынан жарылатын.

Режисер көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірі, ел тарихы мен Ұлы Отан соғысы жылдарынан сыр шертер бірқатар деректі фильм түсірген. «Алматы-Дели» және «Алматы-Токио» алғашқы телекөпірлерін ұйымдастыру жұмыстарының басында жүрді. Шолпан Баймолдина саналы ғұмырының 30 жылын осы қызметке арнады.

Режиссерді көбіне оркестр дирижеріне балайды. Себебі ұжымдық жұмыста    бар жауапкершілік осы жандардың мойынында.  Режиссері мықты арнаның міні жоқ, есесіне көрермені көп. Бүгінгі заман ағымына сай дамыған техника режиссерлік жұмысты әлдеқайда жеңілдеткенімен оларға қойылатын талап баз-баяғы қалпында. Қайсысы болмасын бағдарламаның сапасына жауапты. Бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыратын креативті идеялар, ұшқыр жобалар ұсыну, бағдарламаның мазмұнын терең ұғынып, эфирдің сценарлық тәртібін  жүйелеп құра білу қажет. 

АИДА МАҚСҰТ, «KAZAKH TV» АРНАСЫНЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

 - Режиссердің жұмысы көп қырлы. Ол түсірілімге  оңтайлы  жерлерді таңдауы тиіс. Алаңдағы  кішігірім детальдарға дейін ойластырып, жұмыс жоспарын әріптестерімен ақылдасып шешіп алуы керек. Әр режиссердің бойында көркемдік интуиция болуы шарт. Шығармашылық көзқараспен қатар телевизиялық стандарттар мен тәртіпті сақтау аса маңызды.  Кәсіби тұрғыда ақпарат тарату техникалық жағынан оңай шаруа емес. Бір сөзбен айтқанда режиссер шығармашылық ұжым мен  техникалық құрамды байланыстыратын маман.

Қазақстанда көгілдір экранның сәуле шашқанына биыл – 60 жыл. Сала қызметіне бар ғибратты ғұмырын арнап, көркейіп-кемелденуіне өз үлесін қосқан дарынды тұлғалар таспалы тарихта аз емес. Кәсіби біліктілігімен танылған ардагерлеріміз кейінгі толқынға бағыт-бағдар сілтеп, өнеге өрнегін көрсетіп келеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер