Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Хабар» Агенттігі ерекше бастама жасады

Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Хабар» Агенттігі ерекше бастама жасады

Ардагерлерін ардақтаған агенттік! Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Хабар» Агенттігі ерекше бастама жасады. Талай жыл табан аудармай жұмыс істеп, қазақ телевизиясының дамуына сүбелі үлес қосқан аға буын өкілдерін Астанаға жинады. Тілші Тілеуқабыл Мыңжасар телевизия саласында 25 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. 10 мыңға тарта репортаж әзірлеп, көптеген түйткілдердің түйінен тарқатуға сеп болған.

ТІЛЕУҚАБЫЛ МЫҢЖАСАР, «ХАБАР» АГЕНТТІГІНІҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ:

 - Бір күні бір материалды Жамбыл ауданынан алып келгенмін. Ләззат Танысбаева жүргізуші. Ләззатқа мынаны бүгінгі үлгереміз ба деп едім, бір сағат бар, үлгересіз, жазаберіңіз деді. Оны жазып, монтаждап боламын дегенде 5-ақ минут қалды. Бір кезде мен кассетаны алып, жүгіріп  студияға бара жатырмын, Ләззат дикторлық текстімді айтып жатыр. Сонда апарып бердім, олар салып келіп жіберді, кетті ары қарай эфирге. Осындай оқиғалар талайы болды.

Диктор, тілші үнемі халық назарында болғанымен, кадрдан тыс жұмыс жасайтын мамандар жеткілікті телевизия саласында. Мәселен, еліміздегі маңызды оқиғаларды таспаға басып, көрерменге жеткізетін оператор. Қайрат Атагелдиев «Хабар» Агенттігі құрылған күннен тер төгуде.

ҚАЙРАТ АТАГЕЛДИЕВ, «ХАБАР» АРНАСЫНЫҢ АҒА ТЕЛЕОПЕРАТОРЫ:

 - Баяғыда BBC-дан бір оператор келді бізге үйретуге. Сонда бізбен 1 ай жүріп, айтты мен сендерге таң қалдым. Бізде BBC-да жаңалық түсіретін басқа оператор, спортты  түсіретін басқа оператор, концертті түсіретін басқа оператор. Сендердің оператор бәрін түсіреді екен, бәрін біледі екен қалай түсіретінін деп.

Қазақ телевизиясының өркендеуіне төл үлесін қосып келе жатқан ардагерлеріміз Елордаға арнайы шақырылды. Олар жас журналисттерге дәріс оқып, төл тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ 60 жылдыққа орайластырылған «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының марапаттау рәсімінде де төрден орын алады.