Елордада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативті жұмыс кездесуі өтті

Елордада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативті жұмыс кездесуі өтті. Оған  Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан Президенттері, сондай-ақ Түрікменстан меджлисінің төрайымы қатысты.  Кездесуде өзара сауда-саттықты ұлғайту, ортақ су ресуртарын бірлесіп пайдалану және өңірдегі терроризммен күресті күшейтуге ерекше көңіл бөлді.  Діні мен ділі, дәстүрі ұқсас бауырлас елдер саяси-әлеуметтік байланыстарды бекемдеп, жаңа деңгейге көтеруге ынталы. Былтыр Қазақстанның көршілес елдермен сауда-саттық пен экономикалық байланысы артқан. Жаңадан салынған темір жолдар, әуе рейстері, шекара аймағында жеңілдетілген тәртіп пен паспорттық бақылау атқарылған істің бір парасы.  Дегенмен, жұмыла атқарар жұмыс жетерлік. Орталық Азия мемлекеттері ортақ мәмілемен шешуі тиіс өткір мәселенің бірі аймақтағы су тапшылығы. Аймақтағы 67 млн халық тіршілік нәріне тәуелді. Ал, Сырдария және Әмударияның суы бес мемлекетке толық жетпейді. Бұл ретте Қазақстан аталмыш  сұрақтың өзара түсіністік пен ортақ мүдде тұрғысынан шешілуін қалайтынын жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Наурыз мерекесіне орай бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мұндай келелі кездесулердің елдер үшін артықшылығы көп. Біріншіден, мемлекеттердің әлеуетін арттыру халық үшін тиімді. Екіншіден, аймақ аралық сауда-саттықтың өсуі қосымша экономикалық тиімділікті арттырады. Үшіншіден, бүгінде ұлтаралық қауіпсіздік нығайту керек. Төртіншіден, халықтар достық қарым-қатынасын нығайту, тарихи-этникалық мәдени тұрғыдан жымдастыру керек. Тұтастай алғанда әлемдік тәжірибе мен өңірлік ынтымақтастық халық игілігі үшін. Бүгінде елдер арасында саяси ынтымақтастықта елеулі серпін болып, жаңа бастамаларға қол жеттіп келеді. Біз сыртқы істер ведомства басшыларының арасында бес жақты диолог орнаттық. Бұл диолог бірлікке деген ортақ ұмтылысты көрсетті.