Заманауи Қазақстанның келбетін «100 жаңа есім» арқылы таныту. Осыны көздеген ауқымды жобаға 102 адамның есімі енді. Олардың барлығы ақылымен, дарынымен заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан тұлғалар. Дені жастар екені қуантады.

Бұл 1 секундта 13 кітапты латын қарпіне көшіретін бағдарлама. Жоба авторы – Абзал Мырзаш. 2 жасында әріп танып, 3 жасында кітап оқыған жас талант, кирилл алфавитін латынға ауыстыратын бағдарламаны бар-жоғы 3 сағатта жасап шығарған. Ағылшын тілін еркін меңгерген Абзал Мырзаш 12 жасында мектеп бітірген. Бүгінде Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті. Ол елдің белсенді азаматы ретінде қоғамдағы кез келген мәселеге араласып, тіл білімі институтының ғалымдарын да ойландыратын тұлға болып қалыптасты.

ДӘУРЕНБЕК МЫРЗАШҰЛЫ, АБЗАЛДЫҢ ӘКЕСІ:

- Алғашында 100-ге дейін санауды үйреттім, одан ары триллионға дейін санауды үйреттім. Анасы да қызықтап үйрете бастады. Сонымен 3 жасқа таяғанда газет-журналды емін-еркін оқитын болды. 3 жасында 2-3 таңбалы сандарды еркін қосып алатын болды. Төрт жасында көбейту кестесін білді.

АБЗАЛ МЫРЗАШ, ҚАЗАҚ-БРИТАН ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

- ІТ-маманы болуыма байланысты көбінесе бағдарламалауды үйренуге уақытымды бөлемін.

Абзалдың ендігі мақсаты – кез келген кітапты санаулы секундта латын графикасына аударатын авторлық бағдарламасын патенттеп алу.

Бұл – ұлттың құндылығын музыка тілінде сөйлетіп жүрген Рахат-Би Әбдісағын. Қазақтың Моцарты 9 жасынан бастап нотаны сөйлеткен, бүгінде 100-ден аса шығарманың авторы. Ол  18 жасында Римдегі Санта Чечилия Ұлттық академияның доктарантурасына қабылданған алғашқы және жалғыз музыкант. Бүгінде оның композицияларын Еуропа, Азия мен Американың симфониялық оркестрлері үлкен сахнада орындап жүр. Шығармаларының әлемдік премьерасы Прага, Лондон, Париж, Вена, Берлин, Анкара, Сеул секілді әлемнің ірі қалаларында өткен.

РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒЫН, КОМПОЗИТОР:

- Әлем уақытқа дес бермей, қарқынды дамып келеді. Адамзат та уақыт көшіне бағынып жатыр. Бұл үрдіс соңғы 30 жылда анық байқалуда. Елімізде де түрлі жобалар қолға алынып, қарқынды дамып жатыр. Меніңше, мемлекетіміз де көшке үлесіп, жедел өсіп келеді. Сол секілді музыканың, өнердің басқа да салаларының даму қарқыны жақсы. Бұл адамзаттың өзін-өзі дамытуы мен эволюциялық серпінді көрсетеді.

Тәуелсіз Қазақстанның жарқын бейнелері осындай. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасы оларды көпшілікке кеңінен таныстыруды көздейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер