Елбасының бес әлеуметтік бастамасы

Жастарға жаңа мүмкіндік. Мемлекет басшысының жоғары білімнің қолжетімділігі жөніндегі әлеуметтік бастамасы дарынды балалардың болашағына жол ашады. Енді жаңа оқу жылында гранттар санын 20 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жора Сағабектің айтуынша, бұл көптеген жасқа өзінің таңдаған мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік бермек.

ЖОРА САҒАБЕК, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚМУ 1-КУРС СТУДЕНТІ:

- Техникалық мамандықтарға гранттың көп бөлінетініне қуаныштымын. Себебі әлемнің сұранысы осы техникалық мамандықтар болып тұр. Осы беріліп жатқан мүмкіндіктер арқылы біз жастар Қазақстанның дамуына өзіміздің үлесімізді қосуымыз қажет.

Оқу орны 50 мамандық бойынша бакалавр дайындайды. Мұндағы студенттерге кәсіпкерлік негіздері де үйретіледі. Алдағы уақытта аймақтағы талапкерлер үшін робототехника және мехатроника мамандығын қосқанда, тағы да 15 жаңа мамандық ашылады.

ҚАНАТ БАЙБОЛОВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚМУ ПРОРЕКТОРЫ:

- Робототехника, михотроника және мынау құрылыс саласына байланысты ақылды қала жобаларына сәйкес келетін мамандықтарды ашқалы отырмыз. Жаңа мамандықтарды ашу үшін Атластың жаңа профессиясы бойынша сараптама жасадық. Сол бойынша өзімізге 10-15 мамандықты діттеп отырмыз.

Облыстық Жастар рессурстық орталығында ақпараттық технологиялар саласына қызығатын жастар үшін «IT-park» мектебі ашылды. Бұл жоба ең әуелі жеткіншектердің цифрлық сауаттылығын көтеруге арналған. Қазір 700-ге жуық жастан өтініш түскен.

АЙДЫН ЕСЖАНОВ,  «IT PARK» ЖОБАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

- «IT-park»-тың басты мақсаты, жастардың арасында цифрлық сауаттылығын арттыру. Одан бөлек, жастар өздерін IT-жобасын ашамын десе, оларға көмек көрсету. Ол жобаға инвестиция тарту. 

Қазірдің өзінде талантты жастар 5 цифрлық жобаны қолға алған. Әсіресе тұрғындар үшін латын графикасына арналған мобильдік қосымшалардың пайдасы мол болмақ. Ал жыл соңында 10 заманауи үздік жоба әзірленіп, іске қосылмақ.