Орталық Азиядағы интеграция

Қарқынды даму және тиімді экономикалық серіктестік. Орталық Азия елдері әріптестікті нығайту жолында осындай  басты ұстанымдарға сүйенеді. Қазақстандық саясаткерлердің айтуынша, аймақтағы интеграциялық процестердің қарқыны артқан. Бес мемлекеттің көшбасшылары аймақ елдерінің ұзақмерзімді жоспарларын қамтитын жаңа бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыруға жағдай жасамақ.  

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ЕЛБАСЫ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ САРАПШЫСЫ САРАПШЫСЫ:

- Егер біз тұрақты база құра алсақ, экономикалық тұрғыда Орталық Азия елдері бірлесе әрекет ете алады. Экономикалық байланысты нығайтудың арқасында елдер экономикаларының бәсекеге қабілеттілігі артады деп ойлаймын. Өйткені тек бәсекелестік бар жерде ғана сапалы экономикалық даму жайлы сөз қозғауға болады. Біздің экономикаларымыздың бір-бірімен жақындай түсуі осы тұрғыдан аса маңызды. Себебі бәсекелестік  аймақтағы барша елдердің  экономикалық дамуына жол ашады.

Сарапшылардың пікірінше, елдер үшін әріптестік аясы кең. Тауар айналымының көлемін арттыру, өзара инвестицияларды ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, агроөнеркәсіп кешені тауарларының экспорты, су ресурстарын пайдалану мәселелері және аймақтық қауіпсіздікті нығайту. Елдердің бұл салалар бойынша күш біріктіруі аймақта тұрақты экономикалық кеңістік құруға жағдай жасамақ.  Мұның арқасында  барлық тараптар үшін тиімді жобаларды жүзеге асыруға жағдай туындайды,-дейді сарапшылар.