Қазақстан Әзербайжан арқылы астығын Түркия мен Таяу Шығысқа экспорттайды - Kazakh TV

Қазақстан мен Әзербайжанның көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы беки түсті. Бүгінде елдер арасында жүк тасымалының көлемі мен экспорттық әлеует артып, тауар жеткізу географиясы кеңейді. Қос мемлекеттің халықаралық көлік жобаларының белсенді қатысушыларының бірі – «Баку астық терминалы». 12 жылдан бері қазақстандық астық Каспий теңізімен осы терминал арқылы жөнелтіліп келеді.  

ЕРЖАН БАЙМҰХАМЕТОВ, ТЕРМИНАЛ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- 15 мың тонна бидай өнімдерін уақытша сақтауға мүмкіндік беретін заманауи құрал-сайманмен жабдықталған. Тәулігіне бір жарым мың тонна астық қабылдай алады, яғни жылына шамамен 300 мың тоннадай астық өткізіп жүр. Тәулігіне 150 тонна, ал жылына 50 мың тоннадан аса ұн өндіреміз. 

Терминал басшылығы биыл Солтүстік-Оңтүстік бағдарының және Баку-Тбилиси-Карс темір жолының мүмкіндіктерін пайдаланып, Қазақстан астығын Түркия мен Таяу Шығыс нарықтарына шығаруды көздеп отыр. 

ЕРЖАН БАЙМҰХАМЕТОВ, ТЕРМИНАЛ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Терминал арқылы бидай өнімдерінің экспортына қатысты, әрине біз «Азық-түлік корпорациясымен» бірге жұмыс істейміз. Ол бидай дақылдарын Әзербайжанға экспорттайды. Бір бөлігінен ұн өндіреміз. Терминалымыз арқылы Иранға астық шығаруға мүдделі Әзербайжан және Ресей трейдерлерімен де бірге қызмет істеп келеміз. 

Жалпы, Әзербайжанға жылына үш-үш жарым мың тонна астық қажет. Былтырғы жылдың соңында өткен екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысында тараптар қазақстандық бидай мен агроөнімдер экспортын жылына бір миллион тоннаға жеткізуге уағдаласқан.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер