Өзбекстан Қазақстанның Арал теңізін қалпына келтіру жұмыстарына атсалысатын болады. Бірлескен жобаны жүзеге асыру жөнінде екі елдің үкімет басшыларының орынбасарлары келісімге келді. Бірлескен жұмыс тобы құрылып, мамандар суды тиімді пайдаланудың жаңа әдістерін ұсынбақ. Бұл туралы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысында айтылды. Отырыста екі елдің өкілдері сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін де талқылады. Айта кетейік, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы отыз пайызға өсіп, 2 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш осы жылы 3 миллиард долларға дейін артпақ. Келелі кездесуде екі ел арасындағы сауда байланысын нығайта түсу үшін бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды.

ЕРЛАН ХАИРОВ, ҚР ИДМ  ИНВЕСТИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Бүгінде екі ел бірлесіп екі жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның бірі - Қостанайдағы машина жасау зауыты мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы тұрмыстық техника шығаратын өнеркәсіп орны. Біз мұны Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастың нәтижесі дей аламыз. Алдағы жоспарымыз тіптен ауқымды. Ауылшаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті, тоқыма өнеркәсібін бірлесе қарқынды дамытсақ дейміз. Оған екі тараптың да мүмкіндігі мол.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер