Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келді - Kazakh TV

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келді. Мәртебелі мейман Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Қос ел президенті шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, әріптестіктің басым бағыттарын сөз етті. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон екіжақты кездесу барысында мемлекет басшысына алғыс білдірді. Қазақстан тәжік халқына қашанда қолдау көрсетіп келеді. Екі ел арасында достық қарым-қатынас берік орнаған. Келелі кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев әріптесіне елге келген мәртебелі мейманға сай құрмет көрсетті. Ол екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы қарсаңында Парасат орденін табыстады.

Айта кету керек, тауар айналымының көлемі жөнінен біздің ел Тәжікстанның жетекші экономикалық әріптестері арасында екінші орынға ие. Өткен жылы қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 777 миллион долларды құрады. Бұдан бөлек, 2017 жылы Қазақстанның Тәжікстанмен тауар экспорты 23 пайызға, импорт 45,5 пайызға өсті.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында көші қон саласындағы ынтымақтастықты арттыруға арналған үш келісім бар. Атап өтсек, құқықтық механизмді жетілдіру, өзара ақпарат алмасу мен тәжік азаматтарының біздің елде емін-еркін жүруіне жағдай жасау. Кездесу соңында бірлескен жобаларды талқылап, олардың жүзеге асу жолдарын жоспарлаймыз. Эмомали Рахмонға сөз бермес бұрын, 25 жыл ішінде екі елдің достығы жарасқанын жеткізгім келеді. Осы уақытқа дейін елдер арасындағы саяси және экономикалық мәселелер ылғи оңтайлы шешіліп келеді. 

ЭМОМАЛИ РАХМОН  ТӘЖІКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Мен де, Тәжікстан халқы да ел басына күн туған жылдарды ешқашан ұмытпайды. Сіз бізге, тәжік халқына әрдайым қолдау көрсетіп, көмек қолын созып келесіз. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 26 жыл ішінде біздің экономикалық деңгейімізді көтеріп, стратегиялық әріптестігімізді теңестірдік, нығайттық. Тәжік халқы сізді жаһандық масштабтағы дана көшбасшы, көреген саясаткер ретінде таниды. Сіздің бірнеше кітабыңыз тәжік тіліне аударылып, оқырман қауымға да ұсынылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер