Қазақстан шетелден тартылған инвестиция көлемі жөнінен ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Соңғы 10 жыл ішінде ел экономикасына инвесторлар 200 миллиард доллардан аса қаражат құйған. Республиканың негізгі инвестор-мемлекеттерінің алғашқы бестігіне Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Қытай мен Франция кіреді. Еліміздің инвестициялық тартымдылық деңгейіне әсер етіп отырған ұш маңызды фактор: қолайлы бизнес-климат, қазба байлықтарының мол қоры және еліміздің оңтайлы географиялық орналасуы.

АЙЖАН МҰҚЫШБАЕВА, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Қазақстанда жер ресурстары, еңбек ресурстары, электр энергетикасы басқа елдермен салыстырғанда арзанырақ. Сондай-ақ инвесторлар 10 жыл мерзімге корпоративті кіріс салығынан, жер салығынан босатылады. Бұл шаралар инвесторлар тартуға жағдай жасап отыр.

Қазақстан экономикасына шетелден қаржы тарту үшін ұлттық инвестициялық стратегия әзірленді. Оны іске асырудың нәтижесінде алдағы бес жылда елімізге шамамен 118 млрд АҚШ долларын тарту жоспарланып отыр. Қазақстанда инвесторлар үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған, әкімшілік кедергілер азайтылып, кедендік және салықтық әкімшілендіру оңтайландырылған. Ал Кедендік одақ жағдайлары әріптестер үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғау деңгейі де жоғары. Doing Business рейтингісіне сүйенсек, біздің ел дәл осы көрсеткіш бойынша шетелдік инвесторларға үздік инвестициялық климат пен мол мүмкіндіктер жасаған елдердің көшін бастап тұр.

РАХАВАН СИТАРАМАН, «DOHA BANK» АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанның инвестициялық әлеуеті жоғары. Елде қаржы секторын дамыту үшін мол мүмкіндіктер бар. Бұдан бөлек, сауда үшін барлық инфрақұрылым жасақталған. Ал ең бастысы, инвесторлар елдегі тұрақтылықты жоғары бағалайды.

ТАДЕУШ КОЩЧИНЬСКИЙ, ПОЛЬШАНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Сіздердің елге қаржы салған польшалық кәсіпкерлер де дән риза. Себебі, оның  шарттары көңілдерінен шыққан. Жолдауда инвестициялық әлеуетті жақсарту тапсырмасы қойылыпты. Бұл бізді тек қуанта түсті.

Ел экономикасына инвестиция тарту ісін жетілдіру мақсатында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы құрылды. Бүгінде Қазақстанның барлық аймақтарында және Қытай, Ресей,Түркия, АҚШ-та өкілдіктері ашылған, Шетелдегі өкілдіктерінің негізгі міндеті шетелдік компаниялармен байланыс орнатып, инвесторлық қызығушылықтарын тудыру болып табылады. Бүгінде

Ұлттық компания инвестиция тартуда әлеуеті жоғары 11 елді анықтады. Олардың тізіміне АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей және ЕуроОдаққа мүше бірнеше ел кіреді. Қазақстанда 2020 жылға дейін жалпы құны 3 триллион теңге болатын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер