2018 жылдың соңына дейін Қытай азаматтары Қазақстанда үш күн еш кедергісіз жүре алады - Kazakh TV

Отандық туризм ұлттық экономика өсімінің қайнар көзіне айналмақ. Бүгінде елімізде танымдық, ойын-сауық, этно және экологиялық саяхат түрлері қарқынды дамып келеді. Бұл орайда визалық тәртіпті жеңілдетудің маңызы зор. Мәселен, 2018 жылдың соңына дейін Қытай азаматтары Қазақстанда үш күн еш кедергісіз емін-еркін жүре алады. Дәл осындай оңтайлы жағдай үндістандық туристерге де жасалмақ. Шетелдік қонақтардың ағынын еселеу мақсатында электронды виза жүйесі де ендірілетін болады.

АЯ ҚҰСАЙЫНОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

– Бүгінде барша әлем сандық технологияға жаппай көшіп жатыр. Адамдарға елшіліктердің табалдырығын тоздырып,  немесе арнайы шақырту күткеннен электронды виза алу әлдеқайда тиімді. Бұл жол мен уақыт машақатын шешеді. Бұл жүйе 2018 жылдың соңы әрі кетсе 2019 жылы қолданысқа еңгізілетін болады. 

Былтыр Астанада өткен ЕХРО-2017 көрмесі елімізге туристерді көптеп тартып қана қоймай, сонымен қатар саланы әртараптандыруға мүмкіндік берді. Тек елорданың бір өзінде жаңадан 46 қонақүйдің есігі ашылып, тамақ өнеркәсібінің нысандары қолданысқа берілді. Туристік сервис жетілдіріле түсті. Көрменің ел аймақтарының дамуына да оң әсері байқалды. Әуежайлар жаңғыртылып, ішкі рейсттер ашылды. Осындай шаралар туристердің ағымын арттыруға септігін тигізді, дейді сала мамандары.   

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ

 - 2025 жылға дейін туризм саласының еліміздегі жалпы ішкі өнімнің бүгінгі 1 пайыздық үлесін 8 пайызға дейін жеткізу талабы қойылып отыр. БҰҰ дүниежүзілік туризм бөлімінің мәліметтеріне сәйкес, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы туризм саласына тиесілі.

Қазіргі таңда әлемді аралауды әдетке айналдырған  саяхатшылардың дені эко және этно туризмге қызығушылық танытады. Сондықтан отандық мамандар осы бағытқа басымдық беру керектігін айтады. Әсіресе көршілес Қытай азаматтары бұндай саяхатқа ерекше әуес. 

АЯ ҚҰСАЙЫНОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қытайлықтарға не қызық? Олар біздің этникалық жағымыз, эко және этно туризмге аса құштарлық танытады.  Қытайлықтар негізінен  байтақ даланы кезіп, таза ауада серуендегенді ұнатады. Қазақтың қымызын ішіп, қазысынан дәм татуға құмар. Сондықтан өзіміздің болмысымызға сай мәдениетімізді сақтап, өзгеге насихаттауымыз керек. Одан басқаны ойлап табудың қажеті жоқ. Ауылды жерлерде кигіз үй іспетті қонақ үйлерді дамыту қажет.

Туризм саласын ілгерілету мақсатында өткен жылы Қазақстанда «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы құрылды. Оның басты міндеті – отандық туризм саласының көкжиегін кеңейтіп, шетелдерге таныту. Осы тұрғыда компания 2020 жылға дейінгі қазақстандық туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Ол Қазақстанның туристікн тартымдылығын арттыра түсуге тиіс.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер