Қытай «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы шеңберінде өзге елдердің даму стратегиялары мен бағдарламаларды үйлестіруді ары қарай жалғастырмақ. Қытай Халық Республикасының жоғары билік органы – Жалпықытай халық өкілдері жиналысының отырысында осындай мәлімдеме жасалды. Еске сала кетейік, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» жобасының түйісуі нәтижесінде Қазақстан аумағымен жүк тасымалы едәуір артқан. Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің өзі дамудың ғаламдық жобасын алғаш рет Астанада жариялаған болатын. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы қолға алынған 5 жылдың ішінде Қытайдың сыртқы саясатының және сыртқы экономикалық қызметінің негізіне айналды.

ЛИ КЭЦЯН, ҚЫТАЙ МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСІНІҢ ПРЕМЬЕРІ:

- Біз тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, прогреске қол жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ, реформаларды жүзеге асырудың жаңа жолдарын енгіздік. Осылайша, біз негізгі көрсеткіштерді сақтай отырып, тұрақты әрі оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алдық.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасына 66 ел мен аймақтар қосылды. Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделі барлық қатысушы мемлекеттер үшін тиімді. Мұны бар әлем түсініп отыр.

БАЯРБИЛЭГ ГАНБАЯР, МОҢҒОЛИЯ ЖУРНАЛИСІ:

- Менің ойымша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қытай үшін ғана емес, Моңғолия мен басқа да көрші елдер үшін де маңызды. Моңғолия «Дала жолы» бастамасын Қытайдың жобасымен ұштастыруды көздейді. Мұндай жобалар Моңғолияға инвестиция тарту үшін ғана емес, моңғол бизнесмендеріне қытайлық әріптестерімен байланыс орнатып, ынтымақтастықты арттыру үшін де тиімді.

ТОМАШ ПИСУЛА, ПОЛЬША ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ САУДА АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Биліктің саяси және геосаяси теңгерімі өзгеріп жатыр. Ол Азияға қарай ауысуда. Қытайдың әлемдік аренадағы рөлі жыл өткен сайын өсіп келеді. Бұл ел туралы көбірек білген дұрыс.

Атап өтсек, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының осы сессиясы 20 наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында сыртқы істер ведомстволары бес жылдық даму стратегиясын қарап, Конституцияға жаңа түзетулер енгізеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер