Қазақстан мен Латвия ғарыш саласында ынтымақтастық орнатады

Латвия мен Қазақстан ынтымақтастығының аясы кеңейе түспек. Қос тараптың биылға да жоспары көп. Ең маңыздысы осы жылы Ригада өтетін үкіметаралық комиссияға көп үміт артылып отыр. Мамыр айына жоспарланған басқосуда Қазақстан мен Латвия аэроғарыш саласында ынтымақтастық орнатпақ.

ВЛАДИМИР САМОЙЛЕНКО, ЛАТВИЯНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ДАМУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Білім және ғылым министрлігінің өкілдері аэроғарыш саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға дайындалып жатыр. Негізі, Латвияда ғарыш саласындағы технологиялармен 20-дан астам компания айналысады. Алайда олар НАСА және Еуропалық агенттікпен жұмыс істейді. Енді меморандумға қол қойылғаннан кейін өзгерістер болуы мүмкін. Біздің ұсынысымыз көп.

Екі елдің көлік-логистика саласындағы байланысы тығыз. Қазақстан – Шығысқа шығатын жол болса, Латвия арқылы Батысқа шығуға болады. Осы Еуразиялық көлік бағдарында орналасқан қос мемлекет өткен жылы негізінен көлік, транзиттік және логистикалық байланыстарды арттыруға назар аударды. Оған 2017-ші жылдың статистикалық мәліметтері дәлел.

УЛДИС РЕЙМАНИС, ЛАТВИЯ БАЙЛАНЫС МИНИСТРЛІГІ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Былтыр контейнерлік тасымалдар 3,8 пайызға артты. Жалпы, 2016 жылмен салыстырғанда, біздің кемежайлар арқылы тасымалданған жүк көлемі 15 пайызға көбейді. Негізі 2017 жылы екіжақты тасымалдауға бас-аяғы 4 мың рұқсат берілген.

Өткен жылы Қазақстан мен Латвия арасында теміржол қатынасы туралы келісім жасалды. Бұл құжат тараптардың жүк тасымалдау саласындағы ынтымақтастығына жаңа серпін бергені сөзсіз.

ЭДВИНC БЕРЗИНЬШ, ЛАТВИЯ ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Осы келісім аясында Қытайдан шыққан алғашқы пойыз Қазақстан арқылы Латвияға жүк жеткізді. Сонымен қоса біздің жұмыс топтарымыз бірнеше мәрте Қорғасқа барып, тиімділікті арттыру жолдарын қарастырды. 2017 жылы ынтымақтастығымызды одан әрі арттыру бағытында ауыз толтырып айтатындай жұмыс атқарылды деп ойлаймын.

Латвиялық тарап алда өтетін Астана экономикалық форумына да белсене қатысуды көздеп отыр. Олар жиында еуразиялық дәліз арқылы контейнерлік тасымалдаудың тиімділігін арттыру жолдарын ұсынбақ.