Қазақстан-Венгрия ынтымақтастығы: Еуропаға жол

Еуропаға жол. Венгрия - Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Екіжақты достық қатынастар Шығыс пен Орталық Еуропа елдерімен ынтымақтастыққа оң әсерін тигізеді. Бүгінде екі мемлекетті тікелей әуе жолдарынан бөлек, сан саладағы бірлескен жобалар біріктіреді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы өзара тауар айналымы 156 миллион долларды құраған.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Қазақстан Венргияға стратегиялық серіктесі әрі Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы одақтасы ретінде қарайды. Бұл қарым-қатынастар Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Премьер-Министр Виктор Орбан арасындағы сенімді байланыстардың аясында нығайып келеді. Сондай-ақ жыл санап біздің үкіметтеріміз арасындағы байланыс бекемдеп келеді.

Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және энергетика саласындағы ынтымақтастықтың келешегін Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Венгрияның ұлттық экономика министрімен Будапештте өткен Қазақстан-Венгрия стратегиялық кеңесінің екінші отырысында пысықтады.

МИХАЙ ВАРГА, ВЕНГРИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Бізде Қазақстанмен бөлісе алатын арнайы кәсіби бағдарлама бар. Ол кәсіпкерлікті цифландыру ғасырына қалай дағдылау керектігіне бағытталған. Екіншіден - өндірістік 4.0 бағыты. Мұнда компания аралық серіктестікті ұсына аламыз. Үшіншісі, мемлекеттік қызметті ұсынудағы цифрландыру. Қазір біз салық саласында бұл жаңашылдықты жүзеге асырып жатырмыз. Қазақстандық серіктестерімізге тәжірибемен бөлісуге дайынбыз.

Кездесу барысында Венгрия тарапы Қазақстан азаматтарына визалық режимді жеңілдету мәселесін пысықтайтынын айтты. Осы жерде атап өтерлігі, бүгінде Венгрия университеттерінде 350-ге жуық қазақстандық білім алып жүр. Олардың басым бөлігі тегін негізде оқиды. Еске салсақ, өткен жылы Мажарстан  билігі алғаш рет қазақстандықтарға арнап 200 грант бөлген болатын. Ал биыл грант санын 250-ге көбейтуді жоспарлап отыр.