Қазақстан-Польшаның туристік әлеуеті

Қазақстанның туристік саласының өсім қарқыны күшейген. Оң өзгерістерге бірқатар елдермен визалық режимнің жеңілдеуі және Астанада өткен халықаралық ЭКСПО көрмесі ықпал етті. Польшаның әуе тасымалдаушы компаниясы берген мәлімет бойынша, көрме кезінде Астанаға ай сайын орта есеппен 6 мыңға жуық поляк азаматы ұшып келген, ал ұшақтар 90%-ға толы болған.

ЕВА КУБАЧИК, ПОЛЬША ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Туристік бағытта қызмет істейтін кәсіпкерлер  Қазақстанның еуропа саяхатшыларына ұсынатын нысандарының мол екендігін мойындайды. Жергілікті өлкенің тарихи орындары өте көп. Қысқы туризм өз алдына. Алматының таулы аймағын аңсайтын поляк азаматтарының саны артуда. Каспий теңізіне барғысы келетін туристер қауымы өсіп келеді. Біз қазақ азаматтарына мәдени туризмнен бөлек, сауықтыру және медициналық туризмді ұсынып келеміз.

Польшаны Қазақстанның туристік әлеуеті ғана емес, инвестициялық мүмкіндіктері де қызықтырады. Сауда-экономикалық тұрғыда біздің республика – Польшаның Орталық Азиядағы басты серіктесі. Аталған елдің іскерлері Қазақстан экономикасына қаржы құюға мүдделілік танытып отыр. Айта кетейік, соңғы 10 жылда поляк инвестициясының көлемі 250 миллион долларға жеткен.   

МАРҒҰЛАН БАЙМҰХАН, ҚР ПОЛЬШАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында жобаларды жүзеге асыруға қызығушылықтары бар. Екіншіден, Польша инвесторлары Қазақстанда фармацевтика саласын одан әрі дамытпақ. Сонымен қатар, Польша әлемде жиһаз өндіру жөнінен де алғашқы орындарда. Олар өндірістің бір бөлігін Қазақстан аймағына орналастырып, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия елдерінің нарығына шығармақ ниетте.

Екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастың беріктігіне бірлескен кәсіпорындар санының жыл санап артуы дәлел бола алады. Бүгінде республикамызда 200-ден астам поляк өндіріс орны бар.