«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Мысырдағы Дешті Қыпшақтан шыққан Мәмлүктер династиясына қатысты тың зерттеулер жүргізіп қайтты. 1250 жылы мәмлүктер Египеттегі билікті өз қолдарына алып, 1570 жылға дейін, яғни үш ғасырдан астам уақыт осы елді басқарады. 1250 мен 1382 жылдар аралығында Бахри яғни қыпшақ мәмлүктер билеуші болған. Сұлтан Бейбарыс 1277 жылы өмірден өткен соң оның даңқты ізбасарлары ісін жалғастырып отырған.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біздің бабаларымыз 132 жыл осында билік құрған. 25 сұлтан. Оның ішінде біз білетін Сұлтан Бейбарыс, Сұлтан Қалауын, Мұхаммед, Халил, Хасан. Әрқайсысы өзінің артында із қалдырғысы келген. Ол үшін үлкен ғимараттар салу керек болды. Біреуі мешіт салдырса, екіншісі мавзолей, көпір, дамба салдырды. Үлкен қамалдарға қайта реставрация жасады. 

Египетте қыпшақ Мәмлүк Сұлтандардың ішінде     Қалауынның есімі ардақты. Ол мұнда 1280 – 1291 жылдар аралығында билік құрған. Елдің әл-ауқатын көтеріп, халық өмірімен етене танысу үшін қарапайым адамның киімін киіп, түнгі Каирді аралайтын болған. Өз заманының ерекше тұлғасы Бейбарыс сұлтанның даңқы ғасырлар асып бүгінге дейін жетіп отыр. Ғалым Карен Армстронг «Мәмлүктер араб еліне ұзақ уақытқа созылған тыныштық әкелді», деп баға беруі де тегін емес.

МҰХАММЕД ЕЛУӘКИЛ, КАИР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ: 

 - Египеттегі мәмлүктердің династиясы халықты өте әділ басқарған. Мәселен көзі тірісінде-ақ Сұлтан Бейбарысты халық «Кедейлердің көмекшісі» деп атап кеткен. Себебі ол Рамазан айында мыңдаған адамға тегін тамақ таратуға бұйрық берген. Ол туралы Каирдың базарларында мадақ өлеңдер айтылатын. Бұлардың бәрі толықтай шынайы, тарихи деректер. Қыпшақтардан шыққан билеушілердің қалдырып кеткен мұрасы қазіргі Египет пен Қазақстанды мәдени, тарихи тұрғыдан жақындастыруға әбден лайық.

Мысыр елінде мұсылман әлемінің көптеген ғалымдары мен ойшылдары тұрақтап, бас сауғалады. Бұл кезде Каирде атақты Ибн Халдун, Ибн Касир және Саиф Сарай сияқты ғалымдар мен ақын-жазушылар өмір сүріп, өз еңбектерін жазған.  Өйткені, Египет тыныштық пен тұрақтылықтың жалғыз мекені еді. 

САМУИЛ РАЙАД, ТАРИХШЫ:

 - Сұлтан Қалауын Египетке Сұлтан Бейбарыс сияқты Қазақ жерінен келген. Ол Каирде бірнеше үлкен ғимарат салдырған. Каирде Сұлтан Қалауынның кешені бар. Оның құрамында 4 нысан бар. Олар  мешіт, сұлтанның мавзолейі, мектеп және аурухана.

Экспедиция барысында Египеттегі қыпшақ мәмлүктердің ұрпақтары қазір кімдер деген сұраққа жауап алу үшін жергілікті адамдарға ДНК сараптама да жасалды. Алдағы уақытта бұл анализдердің қорытындысы белгілі болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер