Қазақстандық телевизия саласының іргетасы қаланғалы қара сөзден қамшы салдырмайтын талай тілші, дарынды диктор көзге түсіп жүр. Телеарна – ұжымдық жұмысты талап ететін қызмет. Сондықтан экранның сыртында эфирдің реңін реттер өзгеде мамандардың елеулі еңбегі жатыр. Әсіресе, тұңғыш хабар таратылған күннен бастап, ел игілігі үшін аса маңызды сәттерді обективінен қалт жібермейтін қырағы көз бейнеоператорлардың рөлі орасан.

Отандық телевизия тарихында Мәрзия Омарова сынды тілшілікті һәм таспагер міндеттерін қатар атқарған маман аз. Ең алғашқы салмағы ауыр  күрделі таспалық техниканы меңгерген ер мінезді бұрымды оңтүстік өңірден байтақ елімізге алғашқы хабарды таратқан тұңғыш әйел оператор атанды.

МӘРЗИЯ ОМАРОВА, ҚАЗАҚ ТЕЛЕВИЗИЯСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

 - Менің шығармашылық жолым мектеп қабырғасынан басталды. Сол кездің өзінде қалалық газетке мақала жаздым. Сосын жоғарғы оқу орнын бітіріп кәсіби тілшілікке бет бұрдым. Жолдамамен республикалық телеарнада еңбек еттім. Оңтүстік өңірінде әсіресе. Ол кезде камера да санаулы болатын. Әкем маған кәсіби камера алып берді. Соны меңгеріп, әрі түсірілім жасадым. Мәтінін де өзім жаздым. Ол бір қызық кезең еді.

Мәрзия Омарова жақында сексенге келеді. Бірақ әлі күнге дейін қолынан қағаз-қаламы түспеді. Кейде жиған дүниелерінен деректі фильм дайындайды. Әрі өзі сұхбаттасып түсірген кейіпкерлері мен еңбек адамдары туралы естеліктерін жазады.

МӘРЗИЯ ОМАРОВА, ҚАЗАҚ ТЕЛЕВИЗИЯСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

 - Біз бірінші кезекте түсіретін кейіпкерімізді зерттеп, танып алатынбыз. Оған уақыт берілетін. Себебі бұл сенің қалың көрерменге баратын қолтаңбаң. Ол адамды ел сен арқылы таниды.

Ағабек Қазанбайдың есімі де көзіқарақты көрермен үшін жақсы таныс. Республикалық, облыстық телеарналарда жұмыс істей жүріп, шеберлігі шыңдалған тәжірибелі таспагер қазақ телевизиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырды.  Ұзақ жылғы еңбек өтілі барысында 20-ға тарта деректі фильм мен жүздеген репортаж түсірген. Білікті маманның шығармашылық ізденіске толы әр кадры өткен оқиғадан сөзсіз түсінік беріп тұрады.

АҒАБЕК ҚАЗАНБАЙ, ҚАЗАҚ ТЕЛЕВИЗИЯСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

 - Телеоператорларға айтарым, мен болдым бәрін білемін, техниканы жан-жақты білемін түсіруді де білемін деп тоқтамау керек. Іздене беру керек. Қазақ телеарнасында қызмет жасаған, әлі де жүрген журналистер, режиссерлар, телеоператорлар, жарық берушілер барлығына шығармашылық табыс тілеймін.

Ағабек Қазанбай зейнеткерлікке шықса да, телевизия әлемінен әлі қол үзбеген. Қызметтік жолында қаншама жасты телеоператорлыққа баулыған мақтаулы маман шәкірт тәрбиелеуді қазірдің өзінде жалғастырып жүр. Осындай еңбегі елеулі таспагерлерге қарап бой түзейтін ұрпақ бар. Талай жас операторлар буыны өсіп келеді.

БЕКБОЛАТ БАЗАРОВ, БЕЙНЕОПЕРАТОР:

 - Телеоператорлық – шығармашылық ізденісті талап ететін жұмыс. Өйткені біз бүгін болған оқиғаны ертең қайталамаймыз. Күнде бір жаңалықпен кездесеміз. Күнде бір нәрсе үйреніп отырамыз. Аға буын Ағабек Қазанбай, Еділ Ермекбаев ағаларымыз түсірген кадрлардан тәлім-тәрбие алып, білмегенімізді сол кісілерден үйреніп, бүгінде тәй-тәй басып жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. 

Қазақстанда көгілдір экранның сәуле шашқанына биыл – 60 жыл. 1958  жылдан бері шығармашылық шырмаудай байланып жатқан сала қызметіне бар ғибратты ғұмырын арнап, көркейіп-кемелденуіне өз үлесін қосқан дарынды тұлғалар таспалы тарихта аз емес. Кәсіби біліктілігімен танылған ардагерлеріміз кейінгі толқынға бағыт-бағдар сілтеп, өнеге өрнегін көрсетіп келеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер