Қазақстандар Түркия мен Еуропа елдеріне енді жоғары жылдамдықты пойыздармен жете алады

Транзиттік және көлік әлеуетін дамытудың арқасында Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері кеңейе түсті. Бұған қоса, саяхат жасау да анағұрлым жеңілдеді. Енді темір жолмен Түркияға, одан әрі Еуропа елдеріне сапар шегуге болады. Қазақстандықтар осы жылдың соңында Баку-Тбилиси-Карс көлік дәлізінің жаңа тармағымен жүретін жоғары жылдамдықты пойыздармен түрік шаһарларына жету мүмкіндігін пайдалана алады. Шойын жолмен жылына бір миллионға жуық жолаушы тасымалдау көзделген.

ВУГАР ШИХМАМЕДОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

-  Туризмдегі ең маңызды факторлардың бірі – көлік тасымалы. Баку-Тбилиси-Карс бағдарының Ұлы Жібек Жолымен өтуі туризм үшін зор мүмкіндіктер ашатыны анық. Арнайы туристік пойыздар жіберіп, саяхатшыларға арналған жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бұл Қазақстан мен Азияның өзге елдерінің туристері үшін Түркияға және одан әрі өзге де  елдерге баруға бірегей  мүмкіндік.

Еске сала кетейік, темір жол өткен жылдың қазанында ашылды. Қазір техникалық шарттарды келісу жұмыстары жүргізілуде. Одан соң жаңа бағдармен туристерді тасымалдау қолға алынбақ.

ДЖАВИД ГУРБАНОВ, «ӘЗЕРБАЙЖАН ТЕМІР ЖОЛДАРЫ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Ең алдымен техникалық шарттарды орындауымыз тиіс. Әзербайжан аумағында шойын жолдың арасы 1520, ал Түркия аумағында – 1435 миллиметр. Бір жолдан екіншіге өту үшін дөңгелектерін ауыстыру қажет. Осы талаптарға сай келетін вагондарға тапсырыс бердік. Жылдың аяғына дейін Карсқа дейін жолаушылар тасымалын бастауды  көздеп отырмыз.

Мамандардың пікірінше, Баку-Тбилиси-Карс бағыты бойынша жолаушылар тасымалы Шығыстан Батысқа және кері бағытта туристер ағынын айтарлықтай арттырады. Жоба авторлары осындай саяхаттар екі-үш күнмен шектелмейтінін алға тартады. Туристер Жібек Жолы бойындағы әрбір елдің көрікті жерлерін өз көздерімен көріп әрі танысып, сәйкесінше тиісті ақпаратқа қанығатын болады.