Қазақстанның  өнеркәсіптік орталығы – Қарағандыда заманауи ферроқорытпа зауыты бой көтереді. Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. Экспортқа бағдарланған кәсіпорынның жылдық қуаттылығының арқасында еліміз  ферросилиций өндіруші мемлекеттердің алғашқы тоғыздығына енбек.

БОЛАТ ЖӘМІШЕВ, ҚАЗАҚСТАН ДАМУ БАНКІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз зауыттың бірінші кезегін қаржыландыру туралы айтып отырмыз. Екі пеш жылына 96 мың тонна ферроқорытпа шығармақ. Жобаның құны 34 млрд теңгеден сәл асады. Несие сомасы – 24 миллиард теңге, оны қайтару мерзімі – 11 жыл. Жоба индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылып отыр. Зауыттың экономикасы зор сенім ұялатады. Табыстың, жоғары маржиналдылығының арқасында зауыттың екінші және үшінші кезектері салына бастамақ.

Зауыттың бірінші кезегі келер жылы іске қосылмақ. Аймақта ферросилиций өндірісіне қажетті қор жеткілікті. Бұл өңір кварцит, әктас, көмір және окАлин сынды пайдалы қазбаларға бай. Зауыт жұмысына қажет басты шикізат белгіленген бағамен жеткізілетін болады. Бұл үшін ұзақ мерзімге тиісті келісім жасалған. Жобадағы қазақстандық үлес 90 пайыздан асады. 

ЕРЛАН НЫГМАТУЛИН, «YDD CORPORATION» ЖШС ҚАТЫСУШЫСЫ:

 - Екінші және үшінші кезеңде зауытта шығарылатын өнім көлемін ұлғайту көзделуде. Екінші кезеңде жылына 144 мың тонна, үшінші кезеңде 240 мың тонна көлемінде ферросилиций өндірілмек. Жобаның арқасында Қазақстан ферросилиций өндірісі бойынша әлемдегі бесінші орынға көтеріледі. Қазірдің өзінде зауытымыз тиімді келісім-шарттарға қол жеткізді. Дайын өнімді өткізу бойынша халықаралық трэйдермен off-take келісім-шарттар бар.

Жоба қатысушыларының айтуынша, бұл Қазақстандағы ең экологиялық таза зауыт болмақ. Мәселен, онда газды тазарту жүйесін орнату көзделуде. Ол өндірістік шаңды қайта өңдеп, құрылыс индустриясындағы цемент өндірісінде қолданылатын компонентке айналдыратын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер