Каспий аймағындағы логистикалық инфрақұрылымды дамыту ерекше назарда. Ақтау және Құрық порттары – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің негізгі нүктелері. Солтүстіктен оңтүстікке және батыстан шығысқа қарай жүктерді артып-тиеу осы терминалдарда іске асырылады. Өткен жылы Қазақстанның теңіз порттары арқылы 5,5 миллион тонна жүк тасымалданған. Қазіргі кезде Құрық порты тәулік бойы жүк қабылдайды. Биыл оның қуатын 3 есеге арттырып, порт арқылы 4 жарым миллион тонна жүк жөнелту көзделуде.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Биыл Құрықта жүкті артып-тиеу көлемін 3 есеге арттыру көзделген. Ақтау портында да контейнерлік жүк тасымалының көрсеткіші арта түспек.  Биыл Ақтау және Құрық порттары бойынша өткен жылмен салыстырғанда контейнерлік жүк тасымалы көлемін жеті есеге арттыруды көздеп отырмыз. Елбасы тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 2 миллион контейнерге дейін жетпек.

Биыл Қазақстанның теңіз порттары арқылы өтетін жүк көлемі 10 миллион тоннаға жетеді, деп болжайды мамандар. Ақтау портын әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Осы күні 18 инвестициялық жоба іске асқан. Алдағы 3 жылға қойылған міндеттер дер кезінде орындалмақ.

БАУЫРЖАН ҚАЙРАТОВ, «АҚТАУ ТЕҢІЗ ПОРТЫ» АЭА БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Биыл біз 10 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын 5 ірі жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Онда жаңа жұмыс орындары ашылып, 200-дей адам еңбек ететін болады.

САНЖАР ЕЛУБАЕВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ ЛОГИСТИКА БОЙЫНША ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз Ақтау теңіз портындағы жүктерді әртараптандыру ісін де жемісті жүргізіп жатырмыз. Бұрын экспортқа мұнай өнімдері тасымалданса, енді контейнерлік, құрғақ жүктер мен паромдық жүктерге басымдық берілуде.

Қазақстанның теңіз қақпасы «Ұлы Жібек жолы» заманындағыдай бүгін де Азия мен Еуропа арасында жүк алмасуды қамтамасыз етіп отыр. Сол себепті транзиттік әлеуетті арттыру, Каспий айлақтарында қолайлы жағдайлар жасау – алға қойылған басты міндет.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер