Қазақстан – Еуроодақпен  кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Брюссельде «Қазақстан-Еуроодақ» серіктестігі бойынша 16-шы отырысында Сыртқы істер миниситрі Қайрат Әбдірахманов осы құжатты жүзеге асыру үшін «жол картасын» құруды ұсынды. Келісімді Қазақстан және Еуроодаққа мүше 28 мемлекеттің 21-і ратификациялады. Сондай-ақ келіссөзді Еуропарламент те бекіткен. Соңғы 25 жылда Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналды. Тауар айналымының және сырттан тартылған капиталдың жартысынан астапы Еуроодаққа тиесілі.

КАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Еуропалық тарап Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен саяси жүйені және экономиканы модернизациялау жоспарларына үлкен қызығушылық танытты. Сондай-ақ еуропалық әріптестеріміз Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына ерекше назар аударып отыр.

ЕКАТЕРИНА ЗАХАРИЕВА, БОЛГАРИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Еуроодақ пен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл. Осы бір ширек ғасырлық мерейтоймен  сіздерді құттықтауға рұқсат етіңіздер. Жаңа Келісімді жүзеге асыру өте нәтижелі басталды. Ортақ тауарайналым өткен жылдың қазан айында 23 пайызға артты. Сондай-ақ Орталық Азия бойынша Стратегиямызды жүзеге асыру үшін Қазақстан тарапы белсенділік танытты.

Қайрат Әбдірахманов пен Еуроодақ дипломатиясының басшысы Федерика Могеринидің кездесуі барысында халықаралық және аймақтың өзекті мәселелері, Ауғанстандағы жағдай және  Одақ пен Орталық Азия серіктестігін нығайту жайы пысықталды. Қазақстандық делегаттар  Еуропалық Комиссияның халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі комиссары Невен Мимицамен әңгімелесу барысында  ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясын жаңарту туралы ұсыныс айтты.

КАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Атап айтқанда, біз жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту, цифрлық экономикаға қатысты мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің жастары үшін білім бағдарламаларына, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару қажеттігін айттық.

Өткен жылдың өзінде ғана тараптар арасындағы алыс-беріс 30 миллиард АҚШ долларын құраған. Тауар айналымы көлемінің  артуы, туризмнің дамуы үшін азаматтардың еркін қозғалыста болуы маңызды. Сол себепті «Қазақстан-Еуроодақ» серіктестігінің 16-шы отырысында қазақстандықтар үшін виза режимін жеңілдету келіссөзі осы жылдан бастау алуы мүмкін екендігін тілге тиек етілді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер