1 наурыз – Алғыс айту күні - Kazakh TV

Шуақты көктемнің алғашқы күні – алғыс айту мерекесі. Бұл тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен барлық азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күн. Көп ұлтты тұғырлы мемлекеттің басты құнды қазынасы – бірлігі жарасқан халық. Дәл осы күні ұлттар достығының алтын діңгегі, санастықтың берекелі бекеті, ұлысттардың ұйытқысы, этносаралық дамудың институтына айналған ҚХА құрылды.

ШЕРЗОД ПУЛАТОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӨЗБЕК ЭНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Балаларды қазақ мектептеріне беріп, сондай-ақ осы орталықтарда курстарды арнайы ашу. Бұл енді [алықты сыйласаң, ең біріншіден, тілді сыйла деген сөздер бар. Сондықтан біз қазақстандықтарға деген ризашылығымызды осы тіл арқылы білдіреміз. Бір-бірімізге алғыс айтып, бір-бірімізге жақсылық жасау сынды жолдармен біз тек қана жақсылыққа жетеміз.

ВЛАДИМИР СОН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРЕЙ БАСЫЛЫМЫНЫҢ ТІЛШІСІ:

 - Жер бетінде баға жетпес моральді, рухани және тәуелсіз алтын валюта ол - достық. Уақыттың өзі тудырған бұл құндылықты айқындайтын мерекенің бірегейін біз 1 наурыз күні ұлықтаймыз. Бұл - еліміздегі бар халықтың рухани игілігіне терең тағзым ету күні. Қазақстандағы кәрістер былтыр Абай жерін мекен етіп жүргендерінің 80 жылдығын атап өтті. Мен сол депортацияланған отандастарымның екінші ұрпағымын. Өзіндей көрген қазақ халқына деген шексіз алғысымды білдіремін.

Біз өзгені өзектен теппеген халықпыз. Кезінде солақай саясаттың тәлкегіне түскен басқаны пейілі кең, ниеті түзу қонақжай қазақ құшақ жая қарсы алды.

XX ғасырдың басынан бері 5,6 млн адам Қазақстанға қоныс аударған. Тағдырдың соқпақ жолында қуғын-сүргіне ұшырағандар қаншама. Олардың барлығы қазақ жерінен пана тауып, көсегесі қазақ елімен қатар көгерді.

САУЫТБЕК ӘБДРАХМАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Олардың барлығыда өз қалауымен келген жоқ. Талайдың тағдыры солай болды. Бірақ біздің қазақ халқының ұлы жүрегінің арқасында, дархан көңілінің арқасында барлығы дерлік осы жерді өзінің туған жеріндей қадірлеп кетті. Солардың бәріде сын сағатта қамқор болған үшін, кең жүрегін көрсеткені үшін, аялы алақанына салғаны үшін қазақ халқына үнемі алғысын айтады. 

Осы күндері Астана және Алматы қалалаларында сол қиын-қыстау заманда бір мүддеге ұйып, байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинақтаған отандастарымыздың өмірінен сыр шертер кино апталығы өтіп жатыр. Оның аясында «Заман-ай», «Сталинге сыйлық», «Жерұйық», «Оралман», «Жат»  фильмдері мен «Туған жер» телехикаясы көрсетілуде.

ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Жастар соны білу керек. Жастар осыдан тәлім-тәрбие алуы керек. Жалпы адамдардың арасындағы бір-біріне деген сыйластық қатынастарды сақтау арқылы ізгілікті қоғам жасауға болады. Біздің конституцияда жазылған ізгілікті зайырлы мемлекет дегендердің барлығының осындай терең тамырлары бар.

Бүгінде бауыр басып қалған қайырымды ұрпақ қаймағы бұзылмаған қоғамның бейбіт тірлігіне сызат түсірмеудің қамында жарқын болашақты бір адамдай бірігіп қалап жүр. Олардың ортақ пікірі тұтастықтың құтты мекені, келісімнің алтын бесігіне айналған Қазақстандық достықты көздің қарашығындай сақтап, баянды етейік дегенге саяды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер