«Тәуелсіздік дәуірі»: Экономикалық реформалар

Қазақстан экономикасын әртараптандырып, шикізат емес, дайын өнім экспортын жолға қою бағытында атқарылған реформалар туралы Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында егжей-тегжейлі жазады. Нарықтық экономиканы қалыптастыру, өнім өндіруді ұлғайту, сырт елдермен сауда саясатын дұрыс реттеуге айрықша назар аударылды, дейді ол.

ЦИТАТА:

«Жаңа мемлекеттің берік іргетасы қаланғаннан кейін ел экономикасының дамуына жаңа серпін беретін өзгерістер қажет болды. Ең алдымен, болашағымызды айқындайтын негізгі стратегиялық маңызды мәселелерді шешу керек еді. Сонымен қатар алдымызда нарықтық реформаларды аяқтау және экономиканы қарқынды дамыту міндеті тұрды. Бұған дейін атқарған қызметіміздің барлығы осы міндеттерді орындауға алғышарттар жасап берді. 1995 жылға қарай Қазақстан экономикасы экспортты және ауылшаруашылық өнімдерін ұлғайту есебінен алғаш рет оң сауда теңгеріміне қол жеткізді».