Қазақстанда ТМД мен Орталық Азия елдерінде баламасы жоқ тікұшақтар құрастыратын зауыт жұмыс істейді

Қазақстанда ТМД мен Орталық Азия елдерінде баламасы жоқ тікұшақтар құрастыратын зауыттың өндіріс жолына қойылғанына 7 жыл болды. Осы уақытқа дейін табысты жұмыс жасап келетін бірегей кәсіпорын ЕС-145 және ЕС-130 үлгілеріндегі 30 әуе көлігін жинап үлгерген. Елімізде жасалған еврокоптерлерге осы жерде толықтай техникалық қызмет көрсетіледі. Әлемде ең қауіпсіз ұшу апаратары санатына жататын отандық өнім қазіргі таңда аймақ нарығында сұранысқа ие. Соңғы кездері әсіресе Орталық Азия мемлекеттерінен техникалық көрсеткіштерді сынау қызметі бойынша  көптеп тапсырыс түсуде.

РУСЛАНБЕК ИСЕТОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Орталық Азия бойынша тікұшақ құрастыратын жалғыз компания Астанада орналасқан. Сондықтан аймақтың шекаралас Өзбекстан мен Тәжікстан елдері, сондай-ақ Монғолия мемлекеті өздеріндегі ЕС-145 маркілі тікұшақтарын техникалық тексерістен өткізу үшін біздің көмегімізге жүгінеді.

Өндіріс ошағының қабырғасында ұшқыштар мен техникалық құрамды даярлайтын авиациялық оқу академиясы да жұмыс істейді. Бұл мақсатта орталық  әуе  қауіпсіздігінің барлық халықаралық  талаптарына сәйкес оқыту-жаттығу құрылғыларымен жабдықталған. Мұнда кез келген табиғи құбылысты шынайы қайталай алатын инновациялық жаттығу құралы орнатылған.

МАДИЯР ҚАРАЖАНОВ, АВИАЦИЯЛЫҚ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұшқыштар ұдайы шеберліктерін шыңдап отырулары тиіс. Кез келген апаттық жағдайларда дұрыс шешім қабылдау үшін санаулы секундтар ғана болады. Мына жаттығу құрылғысы тосын оқиғаларға дайын болу үшін аспанға ұшпай-ақ жерден дайындалуға мүмкіндік береді. Жас пилоттармен қатар тәжірибелі мамандардың біліктілігін арттыруда пайдасы мол. Экономикалық жағынан да өте тиімді. 

Бұл орайда айта кетерлік жайт, соңғы 4 жылың ішінде орталықта 100-ден астам азаматтық және әскери ұшқыш біліктілігін арттырыпты. Шеберлік шыңдағандардың қатарында аймақ елдерінің мамандары бар.

МАДИЯР ҚАРАЖАНОВ, АВИАЦИЯЛЫҚ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Орталық Азия елдеріндегі ұшқыштарды даярлайтын жалғыз оқу орталығы болғандықтан, нұсқаушылар мен оқытушылар орыс тілінде сабақ береді. Бұл – ТМД мен жақын шетел азаматтарына түсінікті ортақ тіл. Қызметтеріміздің аясы кеңейіп жатыр. Біздің мақсат – ішкі сұраныспен қатар аймақтағы елдер мен жалпы шетел мамандарын әзірлейтін танымал орталыққа айналу. Бұл өзіміз бен көршілес мемлекеттерге Еуропаға барып оқудан әлдеқайда тиімдірек.   

Бүгінде отандық зауыттың өнімі медициналық авиация, құтқарушылар мен қорғаныс саласының қызметінде пайдаланылады. Көп салалы әуе көлігіне қазір Қырғызстанның қарулы күштері қызығушылық танытуда. Кәсіпорын өндірістік әлеуеті мен қызметтік аясының көкжиегін кеңейтіп жақын және алыс шетел нарығына шығуды жоспарлап отыр.