Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдеріндегі жаңа стратегиясы қабылданбақ

Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдеріндегі жаңа стратегиясы қабылданбақ. Құжат 2019 жылдың  соңына дейін дайын болады деп күтілуде. Қазіргі таңда бұл жөнінде аймақтағы бес елмен тиісті келіссөздер жүргізілуде, -дейді Қазақстандағы ЕО елшісі Траян Христеа. Айту керек, жаңа стратегияны әзірлеуге Орталық Азия елдерінің түгелі дерлік қатысатын болады. Жаңа стратегияның өзгешелігі де осында. Бұл Еуропалық Одақтың аймаққа ерекше көңіл бөліп отырғанын білдіреді,-дейді Траян Христеа.

ТРАЯН ХРИСТЕА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕО ЕЛШІСІ:

 - Мұндай алғашқы стратегия 2007 жылы қабылданған болатын. 2015 жылы қайта қолданыла бастады. Енді Еуропалық Одақтың институты жаңа стратегия әзірлеуге мандат алып отыр. Бұл стратегияда Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері әріптестігінің жаңа тетіктері қарастырылады. Саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, аймақ халқының әл-ауқатын арттыру сынды тұстар қамтылмақ. 

Айту керек, Еуроодақ Орталық Азия елдерінің әрқайсысымен тәуелсіздік алған жылдардан бастап екіжақты әріптестікті дамытуды қолға алды. Ширек ғасыр ішінде түрлі салалар бойынша байланыс нығайды.  Мұны Қазақстан мен Еуропалық одақ әріптестігінің 25 жылдығына арнап түсірілген фильмнен де  көруге болады. Туындыда Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы, алғашқы еуропалық инвестиция, «Еуропаға жол» бағдарламасының жүзеге асырылуы сынды айтулы оқиғалар қамтылған. 

ТРАЯН ХРИСТЕА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕО ЕЛШІСІ:

 - Брюссельде Еуропалық Парламент Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестікті кеңейту жөніндегі келісімді ратификациялаған болатын. Бұл фильмді түсіру кезімен тұспа-тұс келді. Ақпан айында біз Қазақстан мен Еуропалық Одақ ықпалдастығының 25 жылдығын атап өтудеміз. 1993 жылдан басталған екіжақты қарым-қатынастың тарихын фильмге арқау еттік.

Өткен жылдың өзінде Еуропалық Одақ елдері Қазақстанға 11 млрд еуро сомасындағы инвестиция бағыттаған. Екіжақты  сауда айналымының көлемі 30 млрд еуроға жетіп отыр.