Орталық Азия елдері Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия елдерімен жан-жақты байланысты нығайтуға мүдделі. Шығыстың заманауи  трендтерін жаңдандырудың мүмкіндіктері Астанада өткен үшаймақтық конференция барысында талқыланды. Айту керек, мұндай жиын тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

СЕЙДАХМЕТ ҚҰТТЫҚАДАМ,  САРАПШЫ:

- Ежелде маңызды рөлге ие болған белгілі Жібек жолы қазір қайта жандандырылуда.  Шығыс пен Орталық Азия, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс бұл үрдіске қатысып отыр. Бұл мәселенің Қазақстанда талқылануы өте маңызды деп есептеймін. Өйткені біз бұл процестің дәл ортасындамыз. Барлық сауда, дипломатиялық, экономикалық жолдар Қазақстанда тоғысып, еліміз арқылы өтеді.

Қазақстанның геосаяси жағдайын ескере отыра, жиынға қатысушылар елде жол-көліктік инфрақұрылымды қалыптастырып, сауда-логистикалық орталықтарды салудың маңыздылығына тоқталды. Сарапшылар бұл аймақта шығарылатын өнімдердің әлемдік нарықтағы үлесін арттыруға көмек болмақ деп отыр. Бұдан бөлек, мұндай қадамдар трансконтинентальді және транзиттік жүк тасымалының арқасында экономикалық көрсеткіштердің артуына жағдай жасайды.

МҰХИТ-АРДАГЕР СЫДЫҚНАЗАРОВ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ЗАМАНАУИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

- Орталық Азия елдерінің экономикалық байланысы мен тауар айналымы, әрине, жыл сайын артып келеді. Ауыл шаруашылығы саласында да, су ресурстары мәселесі бойынша да қызу талқылаулар болып жатыр.  Орталық Азия елдері арасындағы көптеген мәселелердің шешілгенін өздеріңіз де білесіздер. Атап айтар болсам, елдер арасындағы шекара межеленді. Яғни бұл мәселе келер ұрпақты мазаламайтын болады.

Жібек жолының жаңғыртылуы Еуразия құрлығының сауда-экономикалық моделінің жаңартылуында сеп болмақ. Бұл ретте Қазақстанның қадамдары маңызды рөлге ие болады. Сондай-ақ бұл бастаманың Оңтүстік Азия және шығыс бағытқа да оң ықпалы тимек.  Кездесу Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс елдерімен тиімді байланыс орнатуына тың серпін береді, дейді жиынға қатысушылар. Сарапшылардың айтуынша, мұнымен қоса, транзиттік жүк тасымалының артуы да елдер арасындағы әріптестіктің нығаюына оң әсерін тигізбек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер